• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстанда экотуризм қарқын алуда: жаңа бағыттар, жобалар мен перспективалар

    2024 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллионнан астам турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп, деп хабарлайды Infotabigat.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Дәстүрлі түрде Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын каньоны, Алтын Емел және Көлсай көлдеріне келушілердің қарасы көп. Экологиялық туризмге деген қызығушылықтың артуы жаңа маршруттар мен туристік инфрақұрылымды ауқымды дамытуға серпін болды.

    Қазақстан Президентінің ішкі туризмді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі заманауи экотроптарды құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 750 шақырымға жуық табиғи маршруттар абаттандырылды, ал алдағы жылдары маусымдық және көліктік қолжетімділікті ескере отырып, тағы 350 шақырымды абаттандыру жоспарланған. Тек осы жылы тоғыз жаңа туристік соқпақ салынады.

    Ең ерекше жобалардың бірі «Аюсай» визит-орталығының базасында құрылған «Alatau Amanaty» бағыты болды. Ол Іле Алатауының көркем ландшафттары — Шарын каньонынан «Таңбалы» мұражай-қорығына дейінгі 1200 шақырымнан астам маршруттарды біріктіреді. Маршрут бойында этноауылдар, кемпингтер, глампингтер және гастротуристік нысандар пайда болады. Жоба ішкі және халықаралық шытырман оқиғалы туризм нарығына бағытталған.

    Сондай-ақ «Alatau Amanaty» ауыл тұрғындарын туристік салаға тартуға және жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған. Бастаманы KAZALPINECLUB қоғамдық бірлестігі «AMANAT» партиясының, Туризм және спорт министрлігінің, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының, сондай-ақ Алматы қаласы және Алматы облыстары әкімдіктерінің қолдауымен іске асырады.

    Болашақ маршруттың кейбір бөлігі қазірдің өзінде көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Олардың қатарында «Есік» мұражай-қорығы, Көк-Жайлау шатқалы, Бутаковка шатқалы, Алма-Арасан ыстық бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, ортағасырлық Талхиз қалашығы және «Oi-Qaragai» тау курорты бар.

    Жоба басталған күні оның қатысушылары «Таза Қазақстан» республикалық бастамасына орайластырылған экологиялық акция — плоггинг өткізді.

    «Мұндай жобаларды дамыту тұрақты туризмді ілгерілетіп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарын құру және жергілікті қауымдастықтарды қолдау арқылы аймақтар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады», — делінген ведомство хабарламасында.

    Spread the love