• kz
  • ru
  • en
  • Астанада Viksit Bharat Run шарасы өтті

    Бүгін елордада Viksit Bharat Run шарасына 200-ден аса адам қатысты, деп хабарлайды infotаbigаt.kz тілшісі.

    Жиынды ашқан Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал Үндістан үкіметінің тарапынан 17 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өткізілетін Сева Пахвада (Қызмет ету екі апталығы) өтіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, оның аясында ұйымдастырылған Viksit Bharat Run шарасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл апталық Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің 75 жылдық мерейтойынан басталып, Махатма Гандидің 156 жылдығымен аяқталады.

    «Бұл шара әлемнің 150 қаласында өтіп жатыр. Мақсаты – адамдарды Үндістанның сенімді және жан-жақты дамыған мемлекет болуына үлес қосуға шақыру. «Ұлтқа қызмет ету үшін жүгіру» ұранымен өтіп жатқан шара Үндістанның жетістіктерін паш етуге, бірлікті нығайтуға, жаһандық серіктестікті кеңейтуге және жастардың белсенділігін, көшбасшылық қабілетін арттыруға, сондай-ақ үнді қауымдастығының қатысуын ынталандыруға жол ашады. Бастама премьер-министр Норендра Модидің азаматтарды қолдау, ұжымдық дамуға ынталандыру көзқарасына негізделген. Оның басшылығымен инфрақұрылым, цифрлық технология, денсаулық сақтау, білім беру және экологиялық тұрақтылық салаларындағы түбегейлі реформалар жаңа мүмкіндіктер ашып, Үндістанның жаһандық серіктес ретіндегі ролін күшейтті», – деді дипломат.

    Я.К. Сайлас Тангалдың сөзінше, Үндістан үкіметі бұл шара үшін Астананы маңызды қала ретінде таңдаған.

    «Сева бұл қызметті, жауапкершілікті және ортақ еңбекті дәлелдейтін үнді өркениетінің түпкілікті құндылықтарын айшықтайтын мереке. Бүгінгі шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Мұндай шаралар ортақ жауапкершілікті күшейтеді», – деп қосты елші.

    Елордалық студент Жансұлтан Ғизатұлы шараға арнайы ұйымның атынан қатысып отыр.

    «Біз осындай марафондарға Qadamdas ұйымының мүшелерімен қатысып жатырмыз. Бүгінгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мұнда түрлі ұлт өкілдері жиналды және біз осындай ұлттар арасындағы достықты насихаттайтын шараларға белсене қатысқымыз келеді», – деп бөлісті ойын астаналық.

    Бұдан бөлек қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму идеясын бейнелейтін «Ek Ped Ke Naam» (Бір ағаш – бір есім) бастамасы аясында арнайы ағаш отырғызылды. Көпшілікке үнді тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға футболкалар мен медальдар таратылып, жеңімпаздарға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

    Қоса кетейік, елші жиналғандармен бірге «Viksit Bharat» және «Atmanirbhar Bharat» атты екі маңызды антты қабылдады.

     

    Spread the love