• kz
  • ru
  • en
  • #EUBeachCleanup: 400 астаналық Есіл жағалауын тазартты

    Еуропалық Одақ және Эстония жыл сайын өзен не теңіз жағалауын тазартып, арнайы науқан өткізеді. Сол дәстүр бүгін елорда да жалғасып, 400 адам Есіл жағалауына жиналды, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.

    ЕО Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич World Cleanup Day мен #EUBeachCleanup науқанының мақсатына тоқталып, жыл сайын жастардың белсене қатысатынын ерекше атап өтті.

    «Біздің месседжеміз – ғаламның тазалығы әрбір адамның өзіне байланысты екенін түсіндіру. Себебі басқа біреу біздің қоқысымызды тазартады деп күту мүмкін емес. Сонымен қатар, пластик пен текстильдің салдарымен күресу де биылғы науқаннан тыс қалмады. Жалпы бүгін жастар, волонтерлар, студенттер, елшілік пен ЕО қызметкерлері қатысып жатыр. Әсіресе, жастар көп. Олар біздің болашағымыз болғандықтан, мұның маңызын түсінетіні қуантады… Шараға қолдау көрсеткен әрбір қатысушыға алғысымды білдіремін. Біз бірлесе экологиялық жауапкершілікті ілгерілетіп, тұрақты тәжірибені дамыта отырып, Қазақстан, Еуропа және әлем үшін таза әрі салауатты болашаққа үлес қоса аламыз», – деді Алешка Симкич.

    Фото: Эстонияның Қазақстандағы елшілігі

    Сондай жастардың бірі – Зерде мектебінің 10-сынып оқушысы Мирас Қайырғалиұлы. Оның айтуынша, қаланың іші таза болғанмен, сырт жақта қоқыстың көп. Әсіресе, өзен-көлдің жағалауында демалушылар түрлі қоқыс тастап кетеді.

    «Есіл өзені ластанып қалыпты. Себебі адамдар өздерінің артынан жинамай кетеді. Міне, 20 қаптай болды. Шынымды айтсам, қаланың іші таза ғой. Бірақ міне сыртқа шықсақ, қоқыс көп. Жазда астаналықтар жағалауға келіп демалып, кәуап пісіріп жақсы уақыт өткізеді. Бірақ осылай қоқыс қалдырып кететіні көңілді қынжылтады», – деп қосты оқушы.

    Фото: Эстонияның Қазақстандағы елшілігі

    Экологияны қорғауға арналған бұл идея 2008 жылы Эстонияда бастау алған. Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ораның айтуынша, бүгінде оған әлемнің 200-ге жуық елінің тұрғындары белсене қатысатынын атап өтті.

    «Эстонияда басталған идея бүгінде әлемдегі ең ірі азаматтық қозғалыстардың біріне айналды. Жыл сайын оған 200-ге жуық елден шамамен 20 миллион адам қатысады. Қазақстанның осы жаһандық бастаманың бір бөлігі болғанына қуаныштымын. Біз бірге қоршаған ортаны қорғау – бәрімізге ортақ жауапкершілік екенін көрсетеміз», – деді дипломат.

    Айта кетейік, Есіл жағалауында тек тазалық шаралары ғана емес, сонымен қатар Likekomek серіктестігімен эко-тауарларға пайданылмайтын таза киімдерді айырбастау науқаны өтті. Қатысушылар Plastic-Free Challenge: 3 қадам жаса! атты челленджіне қатысып, жетістіктерін бөлісті, ал Global Green Hub ұйымдастырған таным сабақтары ең кішкентай қатысушыларды қызықтырып, шабыттандырды.

     

     

     

     

    Spread the love