• kz
  • ru
  • en
  • Президент сапары, туристік ағым, екіжақты ынтымақтастық – Индонезия елшісімен сұхбат

    Қазақстанға Индонезия президенті Прабово Субианто келеді. Бұл туралы Индонезияның Қазақстандағы елшісі Фаджрул Рахман тәуелсіздік мерекесін тойлау шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.

    Елордада Индонезия диаспорасы тәуелсіздік күнін тойлады. Елшілік ғимаратында мемлекеттік ту көтеріліп, Қазақстан мен Тәжікстанда тұратын индонезиялықтар гимн айтты.

    Индонезияның Қазақстандағы елшісі Фаджрул Рахман жиналған көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтады.

    Бүгін бізбен бірге тәуелсіздік мерекемізді құттықтауға келген қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Себебі бүгін біз тәуелсіздігіміздің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Сонымен қатар, біз бүгінгі мерекелік шараға Тәжікстан азаматтары мен АСЕАН-ға мүше мемлекеттерден достарымызды шақырдық. Біз үшін бұл – маңызды күн. Бұдан бөлек биыл Қазақстан мен Индонезия арасындағы тығыз қарым-қатынастың 32 жылдығын да тойлаймыз, – деп атап өтті елші.

    Сондай-ақ, дипломат шараға келген журналистерге сұхбатында екіжақты ынтымақтастықтың кей салаларына тоқталды. Айтуынша, Бали аралдарына баратын қазақстандықтар үш есе көбейген.

    2024 жылы 21 мың қазақстандық Индонезияға туристік мақсатпен барды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Мұны біз 50 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Әсіресе, Балиде қазақстандықтарды күтеміз. Ал Индонезиядан Қазақстанға, оның ішінде Алматыға 5 мың турист келген. Бұл көрсеткішті де 15 мыңға дейін ұлғайтқымыз келеді және индонезиялықтардың Астана, Түркістан, Ақтау, Павлодарға келгенін қалаймыз, – деді ол.

    Елші елдер арасындағы тауар айналымында миллиард долларға жеткізуді көздейтінін айтты.

    Біздің қазіргі мақсатымыз – екі ел арасындағы тауар айналымын миллиард долларға жеткізу. Қазір 700 млн доллар. Біз Қазақстаннан алоэ, минералдар импорттаймыз, ал Индонезиядан пальма майы, кофе, шай, кокос майын және басқа тауарларды экспорттаймыз, – деді дипломат.

    Бұдан бөлек елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президентін біздің елге шақырғанын атап өтті. Сапар осы жылға жоспарланған.

    Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Прабово Субиантоны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Жыл соңына дейін Индонезия президенті Қазақстанға келеді деген жоспар бар. Бұл – екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жоғары екенінің айғағы, – деп қосты ол.

    Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан дипломаттар алғыс хатпен марапатталды.

    Сонымен қатар, елші екі ел арасындағы білім және спорт саласындағы ынтымақтастықтың да жетістігі көп екенін айтты.

    Қазақстанға біздің елден бакалавр, магистратура, докторантура оқуға азаматтар келеді. Қазақстандықтар да Индонезияға түрлі стипендиялық бағдарламалармен барады. Қысқа мерзімді бағдарламалар да бар. Бұл білім министрі Саясат Нұрбекпен қарым-қатынасымыздың тығыз екенін білдіреді. Жақында Қарағандыда 16 өңірден жиналған күрес түрінен жарыс өтті. 400 адам қатысты. Жалпы бұл күреспен 4 мың спортшы шұғылданады, – деді ол.

    Айта кетейік, 23 тамызда Астанада АСЕАН жазғы фестивалі өтеді. Шараны ұйымға мүше мемлекеттер – Индонезия, Малайзия, Вьетнам, Тайланд елшіліктері ұйымдастырып жатыр.

    Spread the love