Батыс Қазақстан облысындағы Жалтыркөлдің су айдыны азайғаны анықталды. Бұл өзгеріс «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жүргізілген кешенді ғылыми зерттеу барысында тіркелді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
2026 жылғы 12–13 қарашада резерват мамандары мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары Жалтыркөл зоологиялық қаумалы аумағында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ғарыштық суреттер не көрсетті?
2026 жылғы сәуір және қазан айларындағы спутниктік суреттерді салыстыру нәтижесінде көлдің су айдыны азайғаны байқалды.
Әсіресе оңтүстік және оңтүстік-батыс жағалауларда су шекарасы 80–100 метрге дейін шегінген.
Көл суының сапасы қандай?
Мамандар үш нүктеден су көрсеткіштерін өлшеді.
Оттегі тапшылығы байқалмаған;
Судың минералдану деңгейі жоғары;
Сілтілік қасиеті анықталған;
Зертханалық талдау судың жоғары кермектілігін және хлоридтердің болуын көрсеткен.
Енді көлдің су деңгейі автоматты түрде бақыланады!
Жалтыркөлдің солтүстік жағалауына арнайы 575-LTC автоматты су деңгейін өлшегіш құрылғы орнатылды. Ол су деңгейінің өзгерісін үздіксіз тіркеуге мүмкіндік береді.
Көлді сақтау үшін қандай шаралар ұсынылды?
Ғалымдар Жалтыркөлге жеке экологиялық су лимитін бекітуді, Көшім арнасындағы су қозғалысын есепке алуды, су өткізу арналарының жағдайын жақсартуды және тұрақты экологиялық мониторинг жүргізуді ұсынды.
Жалтыркөл — көптеген су құстары мен жануарлардың мекені. Оның экологиялық жағдайын бақылау сулы-батпақты экожүйені сақтау үшін маңызды.

