• kz
  • ru
  • en
  • Каспий теңізін зерттеуге 305 млн теңге бөлінді

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің проблемаларын кешенді зерделеу жөніндегі тапсырмалары аясында Үкімет резервінен «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ үшін 305 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

    Институт Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Каспийдің экологиялық міндеттерін шешу үшін құрылды. Оның жұмыс бағыттарының қатарына балық ресурстарының қорларын бағалау және оларды сақтау әдістерін әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау жатады. Институт теңіз деңгейінің гидрологиялық процестері мен ауытқуларын зерттеумен, климаттық өзгерістерді және олардың экожүйеге әсерін талдаумен, сондай-ақ Қазақстан акваториясы мен жағалауындағы су сапасы мен биоәртүрлілікті мониторингтеумен айналысады.

    «Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталады және гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында зерттеу жұмыстарын уақытылы және тиімді жүргізуге, сонымен қатар ҒЗИ алдына қойылған басқа да міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», — делінген ведомство хабарламасында.

    Каспий теңізі — бірегей экожүйе және батыс аймақтар мен бүкіл елдің тұрақты дамуында маңызды рөл атқаратын су биоресурстарының негізгі көзі. Қазақстан жағалауының ұзындығы 2320 км — бұл Каспий маңы мемлекеттерінің ішіндегі ең ұзын жағалау сызығы.

    Spread the love