• kz
  • ru
  • en
  • Үкімет German Water Partnership басшылығымен Стратегиялық су серіктестігі туралы келісімге келді

    Су ресурстары және ирригация министрлігі Германияның German Water Partnership (GWP) қауымдастығымен Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұған  вице-премьер Қанат Бозымбаев пен GWP басшылығы арасында осыдан жыл бұрын Германияда өткен келіссөздер бастама болды, деп хабарлайды infotabigat.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Келісім Қазақстанға су үнемдеу технологияларын енгізу, инновациялық шешімдерді пайдалану, климаттық қатерлерге, су тасқыны мен қуаңшылыққа қарсы төзімділікті арттыру, сондай-ақ мамандарды оқыту және даярлау кезінде үздік халықаралық тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік береді.

    Бүгінде Германия тәжірибесі су ресурстарын болжау, модельдеу және есепке алу бойынша цифрлық жобаларды жүзеге асыруда қолданылып келеді. Неміс технологиялары гидротехникалық нысандардың құрылысы кезінде де пайдаланылып жүр.

    Вице-премьер Қанат Бозымбаев пен GWP атқарушы директоры Борис Грайфендер ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесуде German Water Partnership-тің қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығы базасында Қазақстан-Германия су инновациялық хабын құру ұсынылды.

    German Water Partnership – Германияның су саласындағы халықаралық қауымдастығы. Ол су ресурстары саласындағы 300-ден астам ұйымды біріктіреді. Қауымдастық мүшелерінің қатарында университет деңгейіндегі институттар, құрылыс компаниялары, консультанттар мен әлемге танымал өндірушілер бар.

    Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

    Spread the love