• kz
  • ru
  • en
  • Алакөл жағалауы шайылып жатыр: депутат дабыл қақты

    Алакөлдің жағалау сызығының бұзылуы инфрақұрылымға, бизнеске және туристерге қауіп төндіріп отыр. Мұндай мәселені Мәжілісте Respublica партиясының өкілі Екатерина Смолякова көтеріп, премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Депутаттың айтуынша, өңірдегі кәсіпкерлермен кездесуде туризмнің қарқынды дамуы экологиялық және инфрақұрылымдық тәуекелдермен қатар жүріп жатқанын анықтаған.

    «Соңғы жылдары Алакөлдің кей аймақтарында су жағалауды шайып жатыр. Тұтас демалыс базаларына қауіп төніп тұр. Адамдар қаржы салып, жұмыс орындарын ашып отыр, бірақ инженерлік қорғаусыз олардың еңбегі судың астында қалуы мүмкін. Жағалауды бекіту мен толқын сындырғыштар орнату үшін шұғыл шаралар қажет», – деді Екатерина Смолякова.

    Оның сөзінше, жағалауда жұмыс істеп жатқан 300-ден астам кәсіпкер оны қорғауға қатысты кешенді шешімнің жоқтығына алаңдаушылық білдірген. Жағалауды нығайту – тек экологияны қорғау емес, сонымен бірге инвестициялық тұрақтылық пен туризмнің ұзақ мерзімді дамуының кепілі.

    «Егер туризм – ұлттық басымдық болса, онда оған салынған миллиардтаған теңгенің қорғалуына кепіл болуымыз керек. Бизнес өз еңбегінің зая кетпейтініне сенімді болуы керек», – деді ол.

    Смолякова өз сауалында жағалауларды инженерлік қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді, оған жеке инвесторлар мен өңірлік акиматтарды тартуды ұсынды.

    Депутат атап өткендей, Қазақстан бүгінде шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айналып келеді, сондықтан бұл қызығушылық елдің қауіпсіздігі мен экологиялық тепе-теңдігін сақтайтын, тұрақты дамуға бағытталған инфрақұрылымдық саясатпен қатар жүруі қажет.

    Spread the love