Қарағанды қаласының жарты миллионнан астам тұрғыны ауадағы қатты қалқыма бөлшектер, күкіртті сутек және өзге де зиянды химиялық қосындылармен ластанған ауаны жұтуға мәжбүр. 2024 жылдың өзінде қалада шекті рұқсат етілген концентрациялардан асып кеткен 46 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның ең ірі мегаполисі Алматыдан 14 мыңға көп, деп хабарлайды infotabigat.kz Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисіне (Central Asia Climate Foundation) сілтеме жасап.
Бүгінде Қарағанды — халқы 500 мыңнан асатын Қазақстандағы бесінші ірі қала және республиканың жетекші индустриялық өңірлерінің бірі. Мұнда ауыр өнеркәсіп дамыған аумақтық-өндірістік кешен орналасқан.
Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірлеріне тән қатал континенталды климат Қарағандыда да сақталған: қысы суық, жазы біршама ыстық және жылдық жауын-шашын мөлшері аз.
Қаладағы атмосфералық ауаның негізгі ластану көздеріне жылу энергетика нысандары, көмір өндіретін кәсіпорындар мен жеке тұрғын үй секторы жатады. Қарағандыда шамамен 25 мың үй қатты отын жағатын пештермен жылытылады. Бір жылыту маусымында орта есеппен 290 мың тонна көмір жағылады.
Атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізу үшін Қарағандыда 7 стационарлық бақылау бекеті жұмыс істейді:
– оның ішінде 4 бекетте ауа сынамалары тәулігіне төрт рет қолмен алынып, 8 көрсеткіш бойынша талданады: 1) қатты қалқыма бөлшектер (шаң); 2) күкірт диоксиді; 3) азот диоксиді; 4) көміртек оксиді; 5) фенол; 6) формальдегид; 7) азот оксиді; 8) мышьяк.
– қалған 3 автоматтандырылған станция әр 20 минут сайын 9 көрсеткіш бойынша деректерді тіркейді: 1) қатты қалқыма бөлшектер РМ-2,5; 2) қатты қалқыма бөлшектер РМ-10; 3) күкірт диоксиді; 4) көміртек оксиді; 5) азот диоксиді; 6) азот оксиді; 7) күкіртті сутек; 8) аммиак; 9) гамма-сәулеленудің эквивалентті дозасының қуаты (гамма-фон).
Ауа сапасын бағалау үшін екі негізгі индекс қолданылады:
– Ауаның ластану индексі (бұдан әрі – АЛИ) – бұл көрсеткіш бірнеше негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік немесе жылдық концентрацияларын және олардың адам денсаулығына әсерін ескере отырып, ұзақ мерзімді (созылмалы) ластану деңгейін анықтайды;
– Стандартты индекс (бұдан әрі – СИ) – бұл көрсеткіш белгілі бір заттың бір реттік ең жоғары тіркелген концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерге қатынасы арқылы есептеледі. Ол нақты уақыттағы ластану деңгейін және қалада ең ластауыш затты анықтауға мүмкіндік береді.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, 2015–2022 жылдар аралығында Қарағандыда атмосфералық ауаның ластану индексі «жоғары» деп бағаланса, 2023 жылы – «өте жоғары» деңгейге жетті. Ал 2024 жылы стандартты индекс бойынша ластану деңгейі де «өте жоғары» ретінде тіркелді.
2023 жылы PM2.5 қатты қалқымалы бөлшектері бойынша шекті мөлшерден 22,6 есе, ал PM10 бойынша 12,1 есе артық болған. 2024 жылы бұл көрсеткіштер сәйкесінше 26,6 және 14,2 есеге жеткен. Мұндай жоғары концентрациялар – көмір жағатын автономды жылыту көздері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың көптігінің тікелей салдары.
2024 жылы мониторинг бекеттерінде зиянды заттардың шекті концентрацияларынан асып кеткен 46 256 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіштердің басым бөлігі PM2.5, PM10 бөлшектері мен күкіртті сутекке тиесілі.
Бұған қоса, Қарағанды ауасында көміртек оксиді, азот диоксиді, фенол мен озонның да жоғары концентрациялары анықталған.
Еске салайық, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит өтіп, іс-шараға халықаралық сарапшылардың қатысуымен Орталық Азиядағы экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдары жоғары деңгейде талқыланады.

