• kz
  • ru
  • en
  • Бейжің +30: әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін әріптестік

    Астанада «Пекин +30: Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы Қытай-Қазақстан әріптестігі» тақырыбымен семинар өтті. Оны Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы елдік кеңсесі ұйымдастырды. Халықаралық ұйымдар, зерттеу институттары, әйелдер және жастар қозғалыстары өкілдері қатысты, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.

    Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань ЧуньлиньҚытайдың жаһандық деңгейде әйелдер қозғалысын қолдауда белсенді екенін атап өтті. 30 жыл бұрын қабылданған Пекин декларациясы мен іс-қимыл платформасы осы саладағы басты бағдар болып келеді. Бүгінде Қытай ұсынған әрбір ірі тұжырымдама мен жаһандық бастама әйелдердің құқығы мен мүдделерін ілгерілетуге бағытталған шешімдер.

    «Қытай ЮНЕСКО-мен бірлесіп, Қыздар мен әйелдерге арналған білім беру саласындағы сыйлық тағайындады, сондай-ақ әйелдер мен балаларға бағытталған «Ана мен баланы қорғау жобасы», «Бақытты кампус» сияқты шағын, бірақ маңызды бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Қытай әйелдер құқықтары саласындағы көпжақты ынтымақтастықты белсенді ілгерілетуде, ресурстарды мобилизациялап, тәжірибе алмасуды нығайтып, әлемдегі миллиондаған әйелдерге пайдасын тигізіп келеді», – деді елші.

    Ол Төраға Си Цзиньпиннің адамзат өркениетін дамытудағы әйелдердің ролі туралы сөздерін мысалға келтіріп, Қытайдың әйелдер игілігі жолында БҰҰ және басқа да ұйымдармен кең ауқымды ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті.

    Сонымен қатар, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің жетекшісі және Қазақстандағы өкілі Джерен Гювен Гюрес бүгінгі таңда Жер шарындағы халықтың 50%-ын әйелдер құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл деректің өзі әйелдердің қатысуынсыз ешқандай нәтиже мен прогреске қол жеткізу мүмкін емесін көрсетеді. Сондықтан олардың құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі ұйымның алдағы жылдарға арналған стратегиялық жоспарына енген.

    «Гендерлік теңдік — әлемнің болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Ол экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Егер келіссөздер үстелінде әйелдер отырса, бейбітшілікке қол жеткізу оңайырақ. Бірақ әлі де бұл процеске қатысатын әйелдер саны аз. Шешім қабылдау үстелінде әйелдер көп болған сайын, бейбітшілікке жақындаймыз. Бұл 2030 күн тәртібіне қосқан үлесіміз. Біз қалыптан тыс ойлауымыз керек және уақыт талабына ілесуіміз қажет», – деді ханым Джерен Гювен Гюрес.

    Оның айтуынша, Қытаймен әріптестік көзделген мақсаттарға қол жеткізу жолындағы мүмкіндіктерді кеңейтпек. Әсіресе ауылдық жерлердегі қыздар мен әйелдерге білім алу, цифрландыру мен жаңа технологиялар саласында әлеуетін ашуға көбірек жағдай жасалуы тиіс.

    Жалпы Қытай әйелдер көшбасшылығында халықаралық ынтымақтастықты белсенді нығайтып жатыр. Семинарға қатысушылар бұл үрдісті Қазақстанда күшейту және екі ел арасындағы бірлескен жобаларды көбейтуді ұсынды. Олардың ішінде креатив индустрия, ІТ, киноөнімдер, сонымен қатар екі елдегі табысты кәсіпкерлерді табыстыру, ортақ алаңға шақыру т.б. ұсыныстар айтылды.

    Семинарды ұйымдастырушылар жас буынды да сырт қалдырмай, қатысушылардың қатарына қосқан. Олар да өздерінің жобаларына қолдау күтетінін айтып, белсенді болатынына сендірді.

     

    Spread the love