• kz
  • ru
  • en
  • Естен кетпес Үндістан: тарих пен озық технология тоғысында

    Орталық Азияның журналистері тарихы терең Үндістанға сапар шекті. БАҚ өкілдері қаншалық озық технологиямен алға дамыса да, соншалық мәдениетін тамырымен сақтаған ғажайып мекеннен керемет әсермен оралды.

    Бүгін біз Үндістанға сапарымыздан эксклюзив материалдар сериясын бастаймыз

    Үндістанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Грузия елдерінен келген бір топ журналисті Нью Дели әуежайында құшақ жая қарсы алды.

    Үндістанға алғашқы сапарым болған соң ба, әлде үнді фильмдерімен өскен ұрпақ болғандықтан ба көз алдыма әдемі ән мен би, сари киген аруларды елестетіп жеттім-ау. Ұшақ Нью Делиге қонғанда кітаптың жаңа парағын ашқандай күйде болдым.

    Rashtrapati Bhawan

    Фото: Үндістанның Сыртқы істер министрлігі

    Кез келген елге келгенде құрылу тарихын білгің келетіні анық. Тамыры қайда жатыр, қандай сұрапыл соғыстардан өтіп, бүгінгі деңгейге жеткені қызық. Сол себепті Нью Делидегі Rashtrapati Bhawan – Президент сарайына келгенімізге қуандық. Себебі бұл жер – тұңған тарих. Тек ішінде фото-видео түсіруге рұқсат бермеді.

    Rashtrapati Bhawan – Үндістан Президентінің ресми резиденциясы. Оның басты ерекшелігі – тарих, билік және ашықтықтың бір жерде тоғысуы. Біріншіден, бұл ғимарат отарлау кезеңінде салынғанымен, тәуелсіз Үндістанда демократияның символына айналған. Оның сәулеті еуропалық классика мен үнді дәстүрін үйлестіріп, жобасын Эдвин Лютиенс пен Герберт Бейкер жасаған. 340 бөлмеден тұратын алып кешен – әлемдегі үлкен президенттік резиденциялардың қатарында.

    Екіншіден, резиденция жабық биліктің кеңстігі емес, ол жұртшылыққа ашық. Мұнда қарауыл ауысымын көруге, тарихи залдар мен әйгілі Моғол бақтарын аралауға болады. Яғни бұл орын Үндістанда билік пен халық арасындағы ашық байланысты көрсететін ерекше символ саналады.

    Asian News International (ANI)

    Тарихи мекеннен кейін мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған Asian News International (ANI) агенттігіне барып, әріптестеріміздің жұмысымен таныстық.

    ANI агенттігі 50 жылдан астам уақыт бұрын құрылған және бүгінде Үндістанда, Оңтүстік Азияда әрі әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 100-ден астам бюросы бар, өңірдегі жетекші мультимедиялық жаңалықтар агенттігі саналады.

    Агенттік шындық, сенімділік, сапа мен жылдамдықты басты қағида етіп, теледидар, радио, баспасөз, сайттар мен мобильді платформаларға арналған видео, аудио, мәтін және фото контентті тәулік бойы ұсынады, – деді агенттіктің атқарушы продюсері Ravi Khandelwal.

    Оның айтуынша, технологиялар дамыған цифрлық дәуірде ANI өнімдері мен қызметтерін үнемі жаңартып, «толыққанды контент орталығы» ретінде қалыптасып келеді. Агенттік жаңалықтармен қатар бизнес, спорт, мәдениет, ойын-сауық және әлеуметтік тақырыптарды қамтып, отандық және шетелдік медиаларға арналған кәсіби түсірілім, монтаж, архив және спутниктік тарату қызметтерін де ұсынады.

    Department of Science & Technology

     Делиде Үндістанның Ғылым және технология департаментінің (DST) хатшысы Abhay Karandikar мырзамен де кездестік. Ол Үндістанның цифрлық стратегиясы туралы баяндап, цифрландыру жобасының картасын көрсетті.

    Digital India – тек бағдарлама емес, сонымен қатар ұлттық миссия. Соңғы жылдары 600 мыңнан астам ауыл интернетке қосылды, миллиард адамға цифрлық инфрақұрылым құрылды, Aadhaar биометриялық жүйесі іске қосылды. Үндістан әлемдегі стартап нарығында үшінші орында, жүзден астам миллиард долларлық компаниялар бар, ал үнді IT-мамандары Google мен Microsoft сияқты ірі корпорацияларды басқарады, – деп бөлісті Abhay Karandikar.

    Сонымен қатар, мен климат өзгерісімен күрес, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалары туралы сұрадым.

    Біз жасанды интеллектке негізделген климаттық модельдеу бағдарламаларын қолдап отырмыз. Мысалы, осы бағыттағы бір жобаға біз Үндістанның Дели қаласындағы Технологиялық институтында қолдау көрсетіп жатырмыз. Сондай-ақ, Жер ғылымдары министрлігі де климаттық модельдеу үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланып келеді, – деді Ғылым және технология департаментінің (DST) хатшысы Abhay Karandikar.

    Dilli Haat

    Dilli Haat қолөнер базарына бардық. Күні бойы іскер, тарихи мекендерден кейін кешкі базар журналистерді үнді әлеміне әкелгендей әсер қалдырды. Делегация мүшелері аналарына кашмирден мойынорамалдар сыйлыққа және қолөнер бұйымдарын естелікке алды.

    Шығыс стиліндегі жарқыраған шамдарға сүйсініп, қоңырау да қағып көрдік.

    Observer Research Foundation

    Мұнымен Дели сапарымыз аяқталған жоқ. Алдағы күндері бізді тағы бірқатар кездесулер мен мәдени бағдарламалар күтіп тұрды.

    Біз Үндістанда реформалар қалай қабылданатыны туралы хабардар болу үшін Observer Research Foundation-ге (ORF) келдік.

    ORF 1990 жылы Үндістанның халықаралық экономикалық жүйемен жаңа қарым-қатынасқа көшу кезеңінде құрылыпты. Сол уақытта ел алдында туындаған сын-қатерлерді тәуелсіз түрде талдап, тиімді саяси шешімдер ұсынатын алаңға қажеттілік болады. ORF алғаш рет Үндістанның жетекші экономистері мен саясаткерлерін біріктіріп, елдің экономикалық реформалар күн тәртібін қалыптастыруға үлес қосты. Кейінгі 30 жылда ұйым Үндістанның жаһандық деңгейде орнығу үдерісінің белсенді қатысушысына айналып, ішкі реформалардан халықаралық серіктестіктерге дейінгі саяси диалогты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.

    Бүгінде әлем жаңа геосаяси және технологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр: ғарыш, мұхиттар, интернет, қауіпсіздік, экономика, энергия және даму мәселелері жаңа ережелер мен идеяларды талап етеді. Осы үдерістер аясында ORF саяси пікірталастарға тың ойлар енгізіп, жаңа буын ойшылдарына алаң ұсынып келеді. Ұйым әртүрлі көзқарастар мен дауыстардың қатар естілуін қолдап, жаһандық пікірталастарды Үндістанға жеткізумен қатар, ел ішіндегі ой-пікір алуандығын халықаралық деңгейде танытуды мақсат етеді.

    Confederation of Indian Industries

    Бұдан бөлек Үндістанда бизнес қалай дамиды және елдік экономикалық секторы қалай реттелетінін Confederation of Indian Industries (CII) мекемесіне келіп білдік. СІІ – Үндістандағы ең ірі әрі ықпалды бизнес-қауымдастықтардың бірі. Ұйым өнеркәсіп пен технологиядан бастап тұрақты даму мен стартаптарға дейінгі экономиканың түрлі саласындағы мыңдаған компанияны біріктіреді.

    CII елдің экономикалық саясатын қалыптастыруда, жеке секторды дамытуда және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қауымдастық үкіметпен, бизнес өкілдерімен және халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істеп, инновацияларды, инвестицияларды, тұрақты дамуды және Үндістан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін ілгерілетеді.

    India Gate

    Делиге келген соң India Gate-ке келмеу мүмкін емес. Журналистер делегациясы да осы жерге жетті. Үлкен алаңға арнайы күзет тексеріп кіргізді. Айтпақшы, Үндістанда қоғамдық орындарда, тіпті қонақүйлерде күзет күшейген. Арнайы құрылғымен тексеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұр.

    Ал, India Gate – Нью Делидегі және жалпы Үндістандағы ең танымал символдардың бірі. Бұл ескерткіш Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында және британиялық Үндістанның әскери науқандарында қаза тапқан 70 мыңнан астам үнді сарбазының рухына арналып салынған.

    Бүгінде India Gate – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар маңызды қоғамдық кеңістік. Мұнда мемлекеттік рәсімдер мен еске алу шаралары өтеді, қала тұрғындары мен қонақтары жиналады. Монумент Үндістан тарихына деген құрметті, ерлік пен жадыны бейнелейді.

    Бұл алаңда бізден бөлек туристер өте көп болды. Шетелдіктерден бөлек, Үндістанның өңірлерінен келгендер де аз болмады. Біз де тарихи сәтті пайдаланып, суретке көбірек түстік.

    Prime Minister’s Museum

    Үндістан премьер-министрлерінің музейі – Нью Делидегі заманауи музей, премьер-министрлер тарихына және үнді демократиясының дамуына арналған. Экспозиция әрбір үкімет басшысының мемлекет қалыптасуына қосқан үлесін – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейін көрсетеді.

    Музей интерактив форматта жасалған, цифрлық технологиялар, мультимедиялық инсталляциялар және архив материалдары қолданылады. Мысалы, мен өзім қалаған премьер-министріммен суретке түстім. Әрине, менің таңдауым Индира Ганди болды.

    Музейдің дүкеніне кіріп, тарихи кітап та алдым. Міндетті түрде оқимын.

    Осымен Нью Дели сапары тәмам. Әрі қарай біз Агра мен Хайдарабадқа жол тарттық. Ол туралы алдағы материалдардан күтіңіз.

    Spread the love