Менің Үндістанмен таныстығым алғашқы сапардан әлдеқайда бұрын «басталды». Бала кезімде – үнді фильмдері, музыкасы мен билері арқылы. 80-90 жылдары өскен бір буын үшін бұл кинолар тек экрандағы оқиға емес, тұтас бір эмоциялық мектеп еді. Олар географияны емес, сезімді: махаббатты, сағынышты, адалдықты үйретті, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.
Дәл сол фильмдер арқылы мен алғаш рет Үндістан туралы білдім. Кейінірек елдің басты символдарының бірі саналатын Тәж Махал жайлы естідім. Ол кезде бұл ескерткіш шынайы нысаннан гөрі аңызға көбірек ұқсайтын. Тым әдемі, тым мінсіз. Жуырда сол аңыз менің жеке тәжірибеме айналды.

Тыныштық архитектурасы
Тәж Махал Аграның ғана емес, әлемнің мақтанышы. Өзі қалада орналасқанмен, кешен аумағына кірген сәттен бастап қала тіршілігі артта қалғандай әсер қалдырады. Дыбыс, қарбалас, қозғалыс – бәрі қақпаның сыртында қалады. Ал іште – тыныштық, симметрия және жарық. Құжынаған халық, бірақ бәрі «армандаған Тәж Махалына» асығып келген.
Мавзолейдің ақ мәрмәр тасы күннің уақытына қарай түсін өзгертеді: таңғы уақытта нәзік қызғылт, түсте аппақ, кешке алтын түстес, ал айлы түнде күмістей жарқырайды. Бұл әсер тас таңдау мен ғимараттың бағытталуын дәл есептеудің нәтижесі. Мұндағы сәулет – жай форма емес, уақыт пен жарықпен жүргізілген үнсіз диалог.

Махаббат пен жоғалту ескерткіші
Тәж Махалдың тарихы кеңінен белгілі болғанымен, оның трагедиясы әлі де бейжай қалдырмайды. Мавзолей XVII ғасырда император Шах-Джаханның бұйрығымен сүйікті жары Мұмтаз-Махалдың құрметіне салынған. Ол он төртінші баласын босанарда қайтыс болған.
Құрылыс жиырма жылдан астам уақытқа созылып, оған 20 мыңнан аса шебер қатысқан. Парсы, Орталық Азия және Оңтүстік Азиядан жеткізілген асыл және жартылай асыл тастар пайдаланылған. Кешендегі әрбір өрнек қайталанбайды – әр элемент бірегей.
Қызықты дерек: Тәж Махалдың мінсіз симметриясын бұзатын жалғыз нысан – Шах-Джаханның өз қабірі. Ол кейінірек, Мұмтаз-Махалдың жанына қойылған. Сәулеттегі бұл асимметрия – махаббаттың өзі қалдырған із секілді.

Өз дәуірінен озық инженерия
Мавзолейді қоршап тұрған мұнаралар сәл сыртқа қарай қисайған. Бұл – XVII ғасырдағы инженерлік шешім. Жер сілкінісі болған жағдайда, мұнаралар негізгі ғимаратқа емес, сыртқа қарай құлауы тиіс болған.
Құран аяттары жазылған каллиграфия да ерекше тәсілмен орындалған: жоғарылаған сайын әріптер үлкейе түседі. Төменнен қарағанда жазулар бірдей көлемде көрінеді. Бұл – көзбен қабылдауды есепке алған дәл математикалық әдіс.
Менің әсерім
Мавзолей ішінде адамдар дауыстарын еріксіз бәсеңдетеді. Бұл жерде қатты сөйлеу әдепсіздік сияқты сезіледі. Кеңістіктің өзі үнсіздікке шақырады. Мен үнсіз тұрдым. Қарадым. Сол сәтте Тәж Махал туристік нысан болудан қалып, жеке сезімге айналды.
Бір кездері ол мен үшін фильм кадры ғана еді. Кейін – алыстағы елдің символы болды. Ал енді балалық арман мен ересек өмір тоғысқан нақты естелікке айналды.

Бұл жер – «көріп шықтым» деу үшін емес, «қайтып келгім келеді» дегізетін киелі орын.
Айта кетейік, бұған дейін Нью Делиге сапарымыз жайлы жазғанбыз. Бұл сапарды Үндістанның Сыртқы істер министрлігі арнайы Орталық Азия журналистері үшін ұйымдастырды.


