Нью Дели мен Аградан кейін журналистер Хайдарабадқа жол тартты. Хайдарабад – Үндістанның оңтүстігіндегі ірі қала, Телангана штатының астанасы, ежелден маржан саудасымен танылғандықтан «Маржан қала» атанған. Елдегі ең серпінді дамып жатқан әрі жас мегаполистердің бірі, мұнда өткен мен болашақ қатар өмір сүреді.
«Үндістанның №2 Кремний аңғары»
Қаланы жиі «Үндістанның №2 Кремний аңғары» деп атайды. Мұнда орналасқан HITEC City – ірі технокластер: Google, Microsoft, Amazon, Meta секілді алпауыттардың кеңселері бар. Мыңдаған стартап, IT-мамандар мен инвесторлар Хайдарабадты жастар үшін тартымды орталыққа айналдырды.
World’s Largest Innovation Campus – T-Hub
![]()
Біз де Хайдарабадтың ІТ әлеміндегі ерекшеліктерін білу үшін T-Hub & T-Works орталығына бардық. Кіреберістегі «World`s Largest Innovation Campus» деген сөздер бірден көздің жауын алды.
T-Hub стартап инновацияны жан-жақты қолдау мен арнайы әзірленген бағдарламалық құрылымдар арқылы тұрақты түрде қалыптастырып келеді. Қарапайым бастамадан жолға шыққан біздің идеологиямыз стартаптардың даму жолының әр кезеңінде – идеядан бастап, акселерация мен масштабтауға дейін – өсуіне ықпал етті. Бұл үдеріс арнайы ресурстар, менторлық қолдау және бірлескен мүмкіндіктер арқылы жүзеге асады, – деп таныстырды T-Hub өкілі.

Кеңседегі қызметкерлердің көбі жас көрінді. Содан қызығып, олардың орташа жасын сұрадым. Сөйтсем, мұндағы қызметкерлердің орташа жасы 26 екен. Т-Hub туралы толығырақ ресми сайтынан танысуға болады.

Indian School of Business
Т-Hub инновациялық экожүйенің негізін қалаушы серіктестерінің бірі – Indian School of Business, Hyderabad

Бұл бизнес мектебіне келгенде өзімізді қайта студент сезіндік. Indian School of Business (ISB) Hyderabad – Үндістандағы жоғары деңгейлі, зерттеуге бағытталған бизнес-мектеп. 2001 жылы құрылған және MBA-ға теңестірілген, бір жылдық қарқынды Postgraduate Programme in Management (PGP) бағдарламасымен, сондай-ақ executive education форматындағы курстарымен танымал. Оқу үдерісі жаһандық тәжірибеге, мықты профессор-оқытушылық құрамға, жоғары жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне және түрлі саладан жиналған алуан түрлі студенттік ортаға негізделген.
ISB – жекеменшік, коммерциялық емес оқу орны. Ол үш мәрте халықаралық аккредитациядан өткен: AACSB, AMBA және EQUIS. Сондай-ақ Wharton School, Kellogg School of Management және London Business School сияқты әлемдік жетекші бизнес-мектептермен серіктестігі бар.
Оқу орны тәжірибелі мамандарға арналған, жылдам қарқынды, нәтижеге бағытталған және көшбасшылықты жоғары деңгейде дамытуға басымдық беретін білім беру моделін ұсынады.
Skyroot Aerospace
Сенесіз бе, келесі нысан біз үшін ерекше болды. Біз Үндістандағы жеке сектордан шыққан алғашқы компаниялардан бірі, ғарышқа арналған ракеталар жасап, коммерциялық ұшыру қызметін ұсынатын Skyroot-қа келдік.

Skyroot Aerospace – елдегі жетекші жеке ғарыш технология стартапы. 2018 жылы екі инженер негізін қалаған ғаламдық жоба. Vikram-S – тарихи оқиға. 2022 жылы компания «Mission Prarambh» аясында Vikram-S атты ракетаны сәтті ұшырып, Үндістанда жеке компания жасаған алғашқы суборбиталдық ұшыруды жүзеге асырды, шамамен 89,5 км биіктікке дейін, – деді компанияның бренд вице-президенті Sumil Sudhakaran.

Қазір компания Skyroot Vikram-I деген үлкенірек ракетаны жасап жатыр. Ол жердің төменгі орбитасына жерсеріктерді жеткізуге арналған. Оның алғашқы толық орбиталық ұшыруы 2025–2026 жылдарға жоспарланған. 2026 жылы бастап жылына бірнеше орбиталық ұшырулар жоспарланып, 2027 жылы ай сайын бір ұшыруға дейін жеткізу көзделген. Бұл жер-серіктерді жер орбитасына тез және арзан жеткізуге бағытталған.

Қысқаша айтқанда, Skyroot Aerospace – Үндістандағы жеке ғарыш индустриясын дамытушы, жаңа буын ракеталар жасап, ғарышқа коммерциялық ұшырулар ұйымдастыруға бағытталған сенімді стартап.
Хайдарабад тек техноқала емес, үндінің дәстүрі мен мәдениетін сақтаған таңғажайып шаһар екен. Біз Рамоджи фильм қалашығына, Чар Минар ғимаратына, Salar Jung Museum, Shilparamam Village, Голконда қамалына бардық. Әрқайсы – бөлек-бөлек тұңған тарих.
Еске салайық, бұған дейін біз Нью Дели және Аградағы Тәж Махал сапарымыз туралы жазғанбыз. Орталық Азия журналистеріне Үндістанмен танысу сапарын Үндістанның Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды. Таңғажайып сапар үшін өз тарапымыздан алғыс білдіреміз.

