• kz
  • ru
  • en
  • Жаңа жылдық шыршаны өткізіп, жануарларды тамақтандырыңыз

    Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Петропавл қаласында «Шырша жануарларға көмектеседі» атты экологиялық акция ұйымдастырылады, деп хабарлайды infotabigat.kz Петропавл қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

    2026 жылғы 20 қаңтардан бастап қалада жаңа жылдық шыршаларды шығару жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты қала тұрғындарынан шыршаларды алдын ала барлық жаңа жылдық әшекейден тазартып, қоқыс контейнерлерінің жанына жинап қою сұралады.

    Жиналған шыршаларды коммуналдық қызметтер «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ мен Тепловское орманшылығына жеткізеді. Онда шыршалар жабайы жануарларға азық ретінде пайдаланылатын болады, – делінген хабарламада.

    Сондай-ақ петропавлдықтар шыршаларын көрсетілген мекенжайға өздері де апарып тапсыра алады.

    Қала билігі тұрғындарды белгіленген мерзімді сақтауға шақырады. 20 қаңтардан кейін шыршаларды рұқсатсыз тастау абаттандыру қағидаларын бұзу болып есептеліп, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

    Spread the love