• kz
  • ru
  • en
  • Аулада құстар мен жануарларды тамақтандырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Әлеуметтік желілерде аулалар мен саябақтарда құстарды, тиіндерді, қаңғыбас иттер мен мысықтарды тамақтандырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны және көршілердің полицияға шағымданып, айыппұл салдыра алатыны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды infotabigat.kz ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасына сілтеме жасап.

    ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасында иесіз жануарларды тамақтандырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделмеген.

    Әкімшілік жауапкершілік тек тамақтандырудың салдарынан нақты құқық бұзушылық орын алған жағдайда ғана туындайды. Атап айтқанда:
    • тағам қалдықтары жиналмай қалса;
    • аулалар, саябақтар немесе өзге де ортақ пайдаланылатын орындар ластанса;
    • рұқсат етілмеген жерге қоқыс тасталса.

    Мұндай жағдайларда ҚР ӘҚБтК-нің 432-2-бабы қолданылады. Заң бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар тағайындалуы мүмкін. Қайта құқық бұзушылық жасалса, жаза 20 АЕК айыппұлға немесе 80 сағат қоғамдық жұмыстарға дейін күшейтіледі, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

    ІІМ азаматтарды құқықтық нормаларды бұрмалайтын ақпаратты таратпауға, эмоцияға берілмеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.

    Spread the love