Орталық Азия – ежелгі Ұлы Жібек жолының негізгі өңірлерінің бірі, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұсынылған аймақ. Адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп дамыту негізгі бағыт ретінде айқындалды. Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы практикалық ынтымақтастық мол нәтижелер беріп, тату көршілік, достық және ортақ даму дәуірлік мәнін айқын көрсетті.
Біріншіден, саяси өзара сенімді нығайту және ынтымақтастықтың берік іргетасын қалау.
Саяси өзара сенім — мемлекетаралық қатынастардың негізі әрі Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастарды дамытудың басты тірегі. Соңғы жылдары Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар жиілеп, стратегиялық өзара іс-қимыл тұрақты әрі үйлесімді түрде жүзеге асырылып келеді. Саяси қатынастар тереңдеп, стратегиялық сенім нығая түсті, бұл барлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге сенімді саяси кепіл болуда.
2023 жылдың мамыр айында Сиань қаласында өткен алғашқы саммит «Қытай – Орталық Азия» форматындағы мемлекет басшылары кездесулерінің тетігін ресми түрде қалыптастырып, қытай-орталықазиялық ынтымақтастыққа ұзақ мерзімді әрі тұрақты институционалдық негіз қалады.
2025 жылдың маусымында өткен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммитінде тараптар Мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын достық қағидатын құқықтық тұрғыда бекітті. Бұл алты мемлекет арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа кезеңді білдіреді.
Мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерден бастап министрлер кеңестеріне, тұрақты институттардың қызметінен түрлі форумдарға дейін Қытай мен Орталық Азия елдері жан-жақты, көпвекторлы және көпдеңгейлі ынтымақтастық жүйесін қалыптастырды. Халықаралық және өңірлік жағдайдағы күрделі өзгерістер мен тұрақсыздық жағдайында тараптар «Қытай – Орталық Азия рухын» берік ұстанып, бір-бірінің түбегейлі мүдделеріне қатысты өзара түсіністік, құрмет және қолдау көрсетіп келеді. Бұл өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға маңызды үлес қосуда.
Екіншіден, прагматикалық ынтымақтастықты тереңдету және өңірлік өркендеуді бірлесіп қалыптастыру.
Қытай мен Орталық Азия елдері «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп жүзеге асырудың алдыңғы шебінде тұр. Инвестициялар, инфрақұрылымдық даму және технологиялық өзара іс-қимыл арқылы өңір экономикасының жедел өсуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және өзара байланыс сапасының артуына ықпал етуде.
Орталық Азияның бірегей географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалана отырып, тараптар адамдар мен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін жоғары тиімді көлік дәліздерін қалыптастыруда. Бұл өңірдің Еуразия құрлығындағы маңызды транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтеді.
Жаһандық «жасыл» көшу үдерісінің берік қолдаушысы ретінде Қытай жаңартылатын энергетика саласындағы толық өндірістік тізбектегі артықшылықтарын пайдаланып, өңірге жабдықтар мен технологиялық қолдау көрсетуде. Бұл Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздерінің зор әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Цифрлық инфрақұрылымның өзара байланысы, цифрлық технологияларды инновациялық қолдану, цифрлық сауданы жеңілдету және цифрлық әлеуетті арттыру салаларында да ынтымақтастық тұрақты түрде тереңдеп келеді. Қытай өңірлік талшықты-оптикалық желілерді, деректер орталықтарын және бұлтты есептеу платформаларын дамытуға белсенді қатысып, Орталық Азияның цифрлану үдерісіне жүйелі түрде араласуда.
Ағымдағы жыл Қытайдың он бесінші бесжылдық жоспарының бастау жылы болып табылады. Осы маңызды кезеңді жаңа бастау нүктесі ретінде пайдалана отырып, Қытай Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық аясын кеңейтіп, мазмұнын байытып, сапасы мен тиімділігін арттыруға, әлеуетін толық ашуға ниетті. Қытай жаңғыру жолында сенімді серіктес әрі пікірлес болуға дайын.
Үшіншіден, өзара ашықтықты кеңейту және даму жемісін бірге бөлісу.
Жаһандық протекционизм күшейіп отырған жағдайда Қытай жоғары деңгейдегі ашықтық саясатын табанды түрде ілгерілетіп, әлемдік экономиканың «тұрақтылық тірегіне» және «өсу драйверіне» айналуда. Бұл үдерісте Орталық Азия Қытайдың сыртқы ашықтығындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылады. Тараптар өзара тиімділіктің «үлкен үлесін» бірлесе арттырып, өңір экономикасына тұрақтылық енгізуде.
Әлемдегі екінші ірі экономика ретінде Қытай ауқымды ішкі нарық артықшылығына ие және қытайлық үлгідегі жаңғырту үдерісі арқылы өңір елдеріне және бүкіл әлемге даму дивидендтерін ұсынуды жалғастыруда. Орталық Азия елдері Қытаймен сауда байланыстарын кеңейте отырып, Қытай нарығына белсенді кірігуде және оның даму мүмкіндіктерін бірге пайдалануда.
Қытайдың халықаралық импорт көрмесі, Қытайдың импорт-экспорт жәрмеңкесі (Кантон жәрмеңкесі), «Жібек жолы» халықаралық көрмесі және басқа да алаңдар Орталық Азия компаниялары үшін өнімдерін таныстыруға және нарықтық мүмкіндіктерін кеңейтуге сапалы платформа ұсынуда.
2025 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 106,3 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға өсті. Қытайдың өңірден импорты 14%-ға артып, химия өнімдері, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері сияқты ресурстық емес тауарлар ассортименті кеңейе түсті. Қытай экспорты 11%-ға өсіп, машина жасау мен жоғары технологиялар саласында айқын серпін көрсетті. «Жаңа үштік» өнімдерінің (электромобильдер, литий аккумуляторлары, фотоэлектрлік панельдер) үлесі де тұрақты түрде артуда. Қытай-Орталық Азия экономикалық және сауда ынтымақтастығының әлеуеті ашылып, құрылымы әртараптанып, өзара тиімді дамудың қозғаушы күштері нығая түсуде.
Төртіншіден, ұрпақтар сабақтастығындағы достық және өркениеттер үйлесімін бірлесіп қалыптастыру.
Мыңдаған жылдар бойы Қытай мен Орталық Азия халықтары тауарлармен, тәжірибемен алмасып, білімдерін өзара байытып, Ұлы Жібек жолының даңқты тарихын бірге қалыптастырды. Бүгінде ғасырлар бойы салынған достық пен ынтымақтастық жолы жаңа заманауи мазмұнға ие болып, өркениетаралық алмасудың жаңа парағын жазуда.
Қытай мен Орталық Азия елдері мәдени орталықтар ашып, қытай жоғары оқу орындарының филиалдарын және «Лубань шеберханаларын» құрып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қытай мен Қазақстан, Қытай мен Өзбекстан арасында визасыз режим енгізіліп, туристік алмасу айтарлықтай артты, халықтар арасындағы байланыстар нығая түсті.
Тараптар мәдени алмасу, мұраны сақтау, туризм салаларында бірлескен іс-шаралар өткізіп, жастар арасындағы өзара іс-қимыл форматтарын кеңейтуде. Ортақ археологиялық жобалар, Жібек жолы мен мәдени мұраны зерттеу, музейлер арасындағы тәжірибе алмасу жүзеге асырылуда. Мұның барлығы Қытай мен Орталық Азия халықтары, әсіресе жас ұрпақ үшін қарым-қатынас мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұрпақтар достығы идеясын қоғам үшін терең мәнді етеді.
Қорытынды
Жаңа тарихи кезеңде Қытай Орталық Азия елдерімен бірге «Қытай – Орталық Азия рухын» басшылыққа алып, өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға, бірлесіп, иық тірестіре әрекет етуге дайын. Бұл адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын одан әрі тығыз қалыптастыруға, өңірлік және жаһандық бейбітшілік пен дамуға елеулі үлес қосуға бағытталған.
ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь

