• kz
  • ru
  • en
  • Жыл басынан бері Бурабай курорттық аймағына 1,45 млн турист барған

    2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысына 1,6 млн турист барды. Туристік ағынның қалыптасуына дәстүрлі түрде ішкі туризм негізгі үлес қосып отыр, оның үлесі шамамен 98%-ды құрайды, деп хабарлайды infotabigat.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Өңірдің басты тартылыс орталығы ретінде Щучинск–Бурабай курорттық аймағы қала береді. 2025 жылдың тоғыз айында бұл аймаққа шамамен 1,45 млн адам барған, олардың 380 мыңнан астамы қонақүйлер мен отельдердің қызметін пайдаланған. Сарапшылар оң динамиканы курорттық сервистің дамуы және нөмірлік қордың жаңартылуымен байланыстырады. Облыста бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды: жаңа қонақүйлер мен демалыс аймақтарының құрылысы, сондай-ақ Бурабай, Аршалы және Шортанды аудандарындағы қолданыстағы курорттық нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, – делінген хабарламада.

    2025 жылы Ақмола облысына шетелден 19,6 мың турист барды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға көп. Көбінесе туристер Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Түркиядан келген. Сондай-ақ, Үндістаннан келетін туристер саны артқаны байқалды.

    Туристер үшін жайлылықты арттыру мақсатында 2025 жылы Щучинск–Бурабай курорттық аймағында жаңа бақылау алаңдары, веложолдар, туристік соқпақтар, демалыс аймақтары және абаттандырылған жағажайлар салынды. Астана – Бурабай бағыты бойынша жоғары жылдамдықты электр пойызы іске қосылды, сондай-ақ алғаш рет экскурсиялық тікұшақ турлары ұйымдастырылды. Негізгі туристік бағыттарда жарықтандыру мен навигация айтарлықтай жақсартылды. Сонымен қатар Зеренді курорттық аймағында заманауи визит-орталықтың құрылысы басталды, сондай-ақ Астана маңында – Ақкөл ауданында, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және Целиноград ауданының орман алқаптарында экопарктер құру мәселесі пысықталып жатыр.

    Spread the love