Қысқы тыныштықтан кейін Қаратау өңірінде көктемнің алғашқы белгілері байқала бастады. Қар ерісімен бой көтерген Алатау бәйшешегі табиғаттың оянғанын білдіріп, өңірге ерекше көрік беріп тұр, деп хабарлайды infotabigat.kz мемлекеттік табиғи қорықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көктемнің алғашқы хабаршысы саналатын бұл нәзік гүл тазалық пен үміттің символы ретінде қатаң қыстан кейін өмірдің жалғасатынын айғақтайды. Қаратау баурайында гүлдеген әрбір бәйшешек – жаңа өмірдің, жаңарудың белгісі, – дейді мамандар.

Олардың айтуынша, Алатау бәйшешегі сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады және заңмен қорғалады. Оны жұлу, зақымдау немесе жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі. Атап айтқанда, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік айыппұл салу немесе өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.
Сондықтан тұрғындар мен қонақтардан табиғатты аялауға, көктемнің нәзік сұлулығын сақтауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

