«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ғылым бөлімінің маманы орманның ерекше әрі сақ тұрғыны — түлкіні фотоға түсіріп алды, деп хабарлайды infotabigat.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, түлкі — ең ақылды және бейімделгіш жыртқыштардың бірі. Оның есту қабілеті өте жоғары: қар астындағы әлсіз сыбдырдың өзін аңғарып, жемтігінің нақты орнын дәл анықтай алады. Қыс мезгілінде жыртқыштың жүні қалыңдап, тығыздала түседі, бұл оны қатты аяздан қорғайды.
Резерват аумағында түлкінің кездесуі — экожүйенің тұрақтылығы мен қолайлы жағдайының маңызды көрсеткіші. Жыртқыш жануарлар кеміргіштердің санын реттеп, табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады.

Мамандардың сөзінше, мұндай сәттер «Ертіс орманы» аумағындағы биоалуантүрліліктің бай екенін көрсетеді және табиғатты қорғаудың маңызын тағы бір мәрте айқындайды.

