• kz
  • ru
  • en
  • Таза Қазақстан: Астаналық оқушылар эко-викторинаға қатысты

    «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордадағы №37 мектеп-лицейінде 5-сынып оқушылары арасында экология тақырыбына арналған викторина ұйымдастырылды, деп хабарлайды infotabigat.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Викторина 12 тақырыптық аймақтан тұрды. Әр аймақта қатысушылар түрлі тапсырмалар орындады.

    Бірінші бекетте оқушылар мақал-мәтелдер айтты, екінші бекетте «Жердің тынысы» тақырыбында сурет салды, үшінші бекетте постер әзірледі.

    Сонымен қатар қатысушылар қолөнер бұйымдарын жасап, гүл отырғызды, ребус шешті, қоқысты сұрыптады, тақырыптық сұрақтарға жауап берді, пантомима көрсетті, ұрандарын таныстырды, сарапшы рөлін атқарды және «Өмір ағашына» болашақтағы ел бейнесі туралы ойларын жазды.

    Мектепте экология мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда әрбір құрметті қонақ ағаш отырғызатын жасыл аллея бар. Әр қабатта экологиялық материалдан жасалған қоқыс жәшіктері орнатылған. Сәрсенбі күні мектепте экологияға ұқыпты қарау күні ретінде белгіленген.

    Жоба авторы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күләш Мантиеваның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде мектеп дәліздері мен сыныптарда тазалық сақталады. Оқушылар жерде жатқан қоқысты көрсе, міндетті түрде көтеріп алады.

    Мұғалімдер сынып сағаттарында су мен электр қуатын үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

    Оқушылар үйден қағаз бен пластик әкеліп, арнайы қабылдау орындарына тапсырады. Бұл бастамаға ата-аналар да тартылады. Әр тоқсанда «Асар» акциясы өткізіліп, оқушылар ата-аналарымен бірге сынып бөлмелерін ғана емес, мектеп ауласын да тазалайды, гүл отырғызады және басқа да жұмыстар атқарады. 2018 жылдан бері мектепте отбасылық экологиялық байқау ұйымдастырылып келеді. Қатысушылар үй жағдайында қоқысты сұрыптап, салмағын өлшеп, нәтижесін сынып жетекшілеріне хабарлайды.

    Сондай-ақ мектепте эко-сән көрсетілімі өткізіледі. Онда оқушылар ата-аналарымен бірге пластиктен, қағаздан және полиэтилен пакеттерден киім үлгілерін дайындап, іс-шарада таныстырады.

    Осылайша ескі заттарға «екінші өмір» береді. «Таза Қазақстан» – бұл тек көшені тазалау емес, қалдықтарды басқару мәдениеті. Біз осыны оқушылар мен ата-аналарға түсіндіруге тырысамыз, – деді Күләш Мантиева.

    Spread the love