Орталық Азия климаттық қорының (CACF) климаттың өзгеруі және жасыл энергетика мәселелері бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисінің сарапшылары 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында Өзбекстандағы проблемаларды талдады, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Өңірдегі аумағы бойынша үшінші ел Аралдың тартылуының салдарынан, шөлейттену мен су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Бұл факторлар климаттың өзгеруімен, ауыл шаруашылығында судың теңгерімсіз пайдаланылуымен және тұрмыстық қалдықтар көлемінің артуымен одан әрі ушығып отыр. Ал Орталық Азиядағы ең ірі мегаполис саналатын Ташкент қаласын тұрақты түрде тұманды түтін қаптайды.
Арал апаты – ХХ–ХХІ ғасырлардағы ең ірі антропогендік экологиялық трагедиялардың бірі. Ол 1960-жылдардан бастап Амудария мен Сырдария өзендерінің суын мақта алқаптарын суаруға бұру салдарынан Арал теңізінің дерлік толық жоғалуымен сипатталады. Теңіз бөліктерге бөлініп кетті. Қазақстанда Көкарал бөгетінің салынуының арқасында Солтүстік (Кіші) Арал қалпына келе бастады. Үлкен Арал (Оңтүстік бөлігі) тартылуын жалғастыруда, ал оның толық қалпына келуі ғалымдар тарапынан мүмкін емес деп саналады.
Құрғаған теңіздің табанында аумағы шамамен 60 мың км² болатын жаңа тұзды-құмды Аралқұм шөлі қалыптасты, одан желдер жыл сайын шамамен 100 млн тонна улы тұз бен шаңды көтеріп әкетеді. Оның пайда болуы климаттың күрт өзгеруіне, экожүйелердің жойылуына және халық денсаулығына қатысты күрделі проблемаларға әкелді.
Өзбекстан су ресурстарының өткір тапшылығын бастан өткеруде және су тапшылығы жоғары елдер арасында 25-орында тұр.
Негізгі факторлар:
- климаттың өзгеруі (мұздықтардың еруі),
- трансшекаралық өзендерге тәуелділік(ресурстардың 80%-ы сырттан келеді),
- ескірген суару жүйелері
- және топырақ арналарында судың 36%-ға дейін жоғалуы.
Жерүсті суларының 90%-дан астамы ластанған, ал қорлар жыл сайын азаюда. 2030 жылға қарай тапшылық 7–15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Халықтың шамамен 30%-ы, әсіресе ауылдық жерлерде, таза ауыз суға қолжетімділігі шектеулі. Ең күрделі жағдай Қарақалпақстанда, Қашқадария, Сырдария, Хорезм және Ферғана облыстарында байқалады. Су тапшылығы экологиялық және әлеуметтік дағдарыс қаупін күшейтіп, бірқатар өңірде тасымалданатын суды сатып алуға мәжбүр етеді.
Өзбекстандағы шөлейттену – ауылшаруашылығы мен экожүйеге қатер төндіретін, қарқыны үдей түскен экологиялық үдеріс. Негізгі себептері – Арал теңізінің тартылуы, су ресурстарын ұтымсыз пайдалану және климаттың өзгеруі.
Аралқұм шөлінің қалыптасуымен қатар, Қызылқұм, Мырзашөл, Шерабад және Далбарзын шөлдерінің шекаралары кеңейіп, Қарақалпақстанды, елдің оңтүстік және шығыс өңірлерін қамтуда. Республикада әр минут сайын шамамен 9 шаршы метр жер шөлейттенеді. Шаралар қабылданбаса, 2030–2040 жылдары жер деградациясына байланысты жеміс экспортының күрт төмендеуі болжанады.
Өзбекстанның тағы бір өзекті проблемасы – ауаның ластануы. IQAir деректері бойынша, Ташкент әлемдегі ең ластанған қалалардың қатарына жиі енеді. Мегаполис ауасындағы PM2.5 бөлшектерінің мөлшері кейде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан 17–37 есе асып түседі. Себептері: көлік тығыздығының жоғары болуы, өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары, көмірмен жылыту, құрылыс жұмыстары және таулар ұстап қалатын шөлдерден келетін шаң.
Республикадағы қалдықтар мәселесі бөлек жинаудың болмауына, қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне және қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің жылдам өсуіне (жылына 9 млн тоннадан астам) байланысты. Пластик қоқыстың 15%-ына дейін құрайды, жалпы көлемнің небәрі шамамен 6,6%-ы ғана қайта өңделеді, бұл өздігінен пайда болатын заңсыз үйінділерге, топырақ пен судың ластануына әкеледі.
Маңызды экологиялық мәселе – ағаштардың кесілуі. Бұл үдеріс жедел урбанизациямен, құрылыс қарқынымен және бақылаудың әлсіздігімен байланысты. Мораторий енгізіліп, айыппұлдар ұлғайтылғанына қарамастан, құнды тұқымдардың (шынар, емен) заңсыз кесілуі жалғасып, ауа сапасын нашарлатып отыр.
Осы мәселелерді шешу үшін елде суды үнемдеу, тамшылатып суаруды енгізу, жасыл аймақтарды кеңейту және электрмобильдерге көшу бойынша бағдарламалар іске асырылып келеді.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22–4 сәуір аралығында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді, онда Орталық Азия елдерінің проблемалары және оларды шешу жолдары талқыланады.

