Шарын ұлттық паркінде орнатылған фототұзақтар құстардың табиғи тіршілігін бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Камераға бірнеше құс түрі түсіп қалған, деп хабарлайды infotabigat.kz парктің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Үлкен аққұтан – сирек кездесетін, жыл құсы. Қазақстанға наурыз айында ұшып келеді де, қазан айында жылы жаққа ұшып кетеді. Мойыны ұзын, қауырсыны аппақ ірі құс. Көбіне өзен-көл жағасында кездесіп, балық және ұсақ су жәндіктерімен қоректенеді.

Сарыала қаз – су құсы (үйректер тұқымдасына жатады). Оның түсі ерекше: қызғылт-сары-қоңыр қауырсынды, басы ашық түсті. Ақ қанаттарының ұшында қара ұшқыр қауырсындары болады. Дала мен су айдындарының маңында тіршілік етіп, топтанып ұшумен ерекшеленеді.

Барылдауық үйрек – Қазақстанда кең таралған жабайы үйрек. Дауысының ерекше «барылдау» дыбысымен танымал.

Бізқұйрық үйрек – ұзын әрі үшкір құйрығымен ерекшеленетін сымбатты үйрек түрі. Көбіне ашық су айдындарында кездеседі.


