Биылғы жылдың қыркүйек айында Сеул қаласында өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне орай, Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігі маскот (талисман кейіпкері) жасау бойынша конкурс жариялайды, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігі Қазақстан азаматтарының Елшілік жүзеге асырып жатқан сыртқы саясат және қоғамдық ынтымақтастық жобаларына, соның ішінде мәдени және гуманитарлық алмасу бастамаларына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік жобалар туралы ақпараттандыру деңгейін көтеру мақсатында екі ел арасындағы достықты бейнелейтін маскоттың (тұмаршаның) бейнесін жасауға конкурс жариялайды.
Аталған конкурс 13 наурыздан (жұма) 28 наурызға (жұма) дейін өтеді. Конкурсқа азаматтығына қарамастан барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Қатысушылар өз жұмыстарын Елшіліктің электрондық поштасына public_korqaz@mofa.go.kr жолдай алады.
Жеңімпаз арнайы ұйымдастырылған алаңда өткізілетін халықтық дауыс беру нәтижелері мен Елшілік тағайындаған қазылар алқасының бағалау қорытындысы негізінде анықталады. Маскот екі елдің мәдени бірлігін және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін бейнелейтін креативті кейіпкер болуы тиіс.
Іріктеліп алынған маскот алдағы уақытта Елшілік ұйымдастыратын мәдени алмасуды ақпараттық тұрғыда насихаттауға бағытталған түрлі іс-шараларда белсенді түрде қолданылатын болады.
Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігі бұл конкурс екі ел азаматтары үшін Елшіліктің мәдени және ақпараттық қызметіне қатысудың маңызды мүмкіндігіне айналады деп үміттенеді және көптеген ерекше әрі мазмұнды жұмыстардың келіп түсуін күтеді.
Конкурс шарттары Корея Елшілігінің ресми сайтында жарияланған.

