Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық өңірінде бұлақтарды тазалауға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын бастады, деп хабарлайды infotabigat.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауа райына байланысты алғашқы кезеңде акция еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 28 бұлақта өткізілді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары. Акцияға бір мезгілде шамамен 3,8 мың адам қатысты. Олар бұлақтардың көзін ашып, қалпына келтірді. Сонымен қатар айналасындағы аумақтар тазартылып, абаттандырылды, қоқыс жиналып, көшеттер отырғызылды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағын тазалау жұмыстарына қатысты. Бұлақ Айша бибі ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан.

Сондай-ақ «Мөлдір бұлақ» акциясы аясындағы іс-шаралар Жамбыл облысының Меркі, Сарысу, Шу, Талас, Рысқұлов, Байзақ және Қордай аудандарындағы жеті бұлақта өтті. Бұлақтарды тазалау жұмыстарына Су ресурстары және ирригация министрлігі мамандары, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының, Шу-Талас бассейндік инспекциясының және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер мен студенттер қатысты.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен Жамбыл облысында су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылды. Оның қатарына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері қосылды. Осындай еріктілер топтарын еліміздің басқа өңірлерінде де құру жоспарланып отыр.

«Болашақтың қайнары» қозғалысы тек экологиялық акцияларға қатысумен шектелмейді. Белсенді жастар су үнемдеуді насихаттау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарға атсалысады.
Бүгінгі іс-шараға еріктілер мен студенттердің қатысып отырғаны ерекше қуантады. Мемлекет басшысы еріктілер қозғалысына әрдайым ерекше көңіл бөліп, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалап келеді. Біздің министрліктің бастамасымен елімізде алғаш рет «Болашақтың қайнары» атауымен су саласының еріктілер тобы құрылды. Бұл жұмыстың Жамбыл облысынан басталуы Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің қайта ашылуымен тікелей байланысы. Алдағы уақытта бұл бастама Қазақстанның барлық өңірін қамтиды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйек айында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ведомствоға қарайтын ұйымдардың мамандары еліміз бойынша бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазалау жұмыстарын жүргізген болатын. Іс-шараға 4 мыңнан астам адам қатысып, 300 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Қазіргі уақытта «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталды. Қор және мұрағат материалдары негізінде 2772 бұлақты қамтитын карта жасақталды. Бұлақтар су ресурстары тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі ретінде қарастырылады.

