Облыс әкімдігінде өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды infotabigat.kz.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, елдімекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарланған.
Шығыс Қазақстанда 2024-2029 жылдары жоспар бойынша 450 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген, оның 248,5 мыңын 2024-2025 жылдары отырғызды. Биыл 111,2 мың ағаш егу жоспарлануда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға шамамен 150 мың адам қатысып, 259 техника бірлігі жұмылдырылып, 3 800 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы 3 400-ден астам аула қоқыстан тазартылды.
Өңірде «Үлгілі ауыл» және «Таза аула – таза қала, аудан» байқауларын өткізу жоспарланған.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның қалалар мен аудандардың экологиялық жағдайын жақсартуда маңызды екенін атап өтті.

Наурыз мейрамында ата-бабаларымыз балаларды тазалыққа үйреткен: ауланы сыпыру, қоқысты жинау, қоршаған ортаға құрметпен қарау. Бүгінде осы құндылықтарды сақтау маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтып өтті. Тазалық – тек әкімдіктердің міндеті емес, әр отбасының жауапкершілігі. Барлығымыз күш біріктіріп, өңірімізді таза және көрікті ете аламыз, – деді облыс әкімі.

