Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл аймақтарды кеңейту және өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыру мақсатында «болашақ ағашы» аталып кеткен павлонияны егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды infotabigat.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштардың бірі саналатын павлония қазіргі таңда Түркістан қаласының кіреберіс аумағында да жайқалып тұр.

Павлония ағашы оңтүстік өңірдің климатына бейімделген. Ол жылына бірнеше метрге дейін өсіп, қолайлы жағдайда 20–25 метр биіктікке жетеді. Сондай-ақ көктем-жаз мезгілінде ұзақ уақыт гүлдеп, экологиялық тұрғыдан ауаны тазартып, көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді. Павлония тек көгалдандыру мақсатында ғана емес, болашақта өндірістік шикізат ретінде де маңызды рөл атқарады. Оның сүрегі жиһаз өндірісінде, қайық, шаңғы, музыкалық аспаптар мен түрлі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда кеңінен қолданылады, – дейді мамандар.


