• kz
  • ru
  • en
  • Түркістан облысында аумағы 50 гектар ерекше экопарк бой көтереді

    Түркістан облысында Қарашық өзенінің маңында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров экопарк аумағына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Өңір басшысы жауаптылармен бірге жобаны жан-жақты пысықтап, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

    Бұл жоба өңірдің табиғи ландшафтын тиімді пайдалану мүмкіндігін береді және экологиялық саябақтарды құру мен пайдалану стандарттарына сәйкес әзірленуде. Мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы демалыс аймағын қалыптастыру, сондай-ақ орман қорын сақтау мен көбейту, – делінген хабарламада.


    Қазіргі таңда аумақта бірқатар жұмыс қолға алынған. Атап айтқанда, тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаштарды бұтау, шеңгелдерді шабу, ағаш түптерін әктеу сияқты жұмыстар орындалды. Сонымен қатар өзеннің екі жағалауын тазалау бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілер жолының бірінші кезеңі іске қосылды.

    Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қолға алынған. Аумақ қоршалып, 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы экопарк аумағында 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде өңір климатына бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік сияқты ағаш түрлері бар.

    Бұдан бөлек, экопарк аумағында көпірлер, күн панельді жарық шамдары, орындықтар, барбекю аймақтары, сондай-ақ тас және ағаш мүсіндер орнатылады. Экологияға зияны жоқ заттар қолданылады. Қазіргі таңда аталған нысандарды орналастыруға арналған алаңдарды тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кіреберісінде аркалы қақпа салу және балалар ойын алаңын жабдықтау жұмыстары басталды.
    Spread the love