2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған ауқымды фестиваль өтеді. Іс-шара Жетісу Алатауының баурайында, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында ұйымдастырылады, деп хабарлайды infotabigat.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестиваль ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Іс-шара оқиғалық туризмді дамытуға және елдің мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.
Сиверс алмасы – қазіргі барлық мәдени алма сұрыптарының арғы тегі. Оның гүлдеу кезеңінде тау бөктерлері ақ-қызғылт реңктерге боялып, ерекше табиғи көрініс қалыптастырады. Бұл өз кезегінде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
Фестиваль аясында мазмұнды бағдарлама ұсынылады:
– гүлдеген алма бақтарының панорамалық көріністері;
– пленэр форматындағы көркемсурет байқауы;
– хедлайнерлердің қатысуымен мәдени-ойын-сауық бағдарламасы;
– ұлттық спорт ойындары;
қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сағаттары.
Фестивальді өткізу өңірдің табиғи және мәдени мұрасын кеңінен танытуға, сондай-ақ оның туристік тартымдылығын ұлттық және халықаралық деңгейде арттыруға ықпал етеді.
Фестиваль Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Тополевка ауылында 2026 жылғы 2 мамырда өтеді.
Жетісу өңірі тұрғындар мен қонақтарды осы бірегей табиғи құбылысты тамашалап, жергілікті экожүйенің байлығын жақыннан тануға шақырады.

