• kz
  • ru
  • en
  • Ақмола облысында «ReStart» жобасы аясында студенттік сенбілік ұйымдастырылды

    Қосшы қаласындағы Сарқырама өзені аумағында «ReStart» республикалық жобасы аясында студенттердің қатысуымен экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Іс-шараға «Жасыл экономика үшін және G-Global-ды дамыту» коалициясы», Заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ), CCI Kazakhstan өкілдері, сондай-ақ Астана қаласының алты жетекші жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары қатысты. Атап айтқанда, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Астана медицина университеті, Астана халықаралық университеті, Тұран-Астана университеті, Есіл университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері белсенділік танытты.

    Сенбіліктің ашылуында модератор, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің амбассадоры Мариям Касымова қатысушыларды қарсы алып, жобаның мақсаты мен қалдықтарды бөлек жинаудың маңызы туралы айтты.

    Сондай-ақ Қосшы қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Балтабайұлы мен «G-Global» жасыл экономика коалициясының басқарма төрағасы Әлия Рахимбекова сөз сөйледі. Олар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.

    Іс-шара барысында қатысушыларға Zero Waste қағидаттары, пластикті сұрыптау ережелері және экологиялық мінез-құлық бойынша қысқаша тренинг өткізілді.

    Сенбілік қорытындысы бойынша жиналған пластик өлшеніп, жоба аясындағы жоғары оқу орындары арасындағы жарысқа қосқан үлесі бағаланды.

    Айта кетейік, «ReStart» жобасы Қазақстанның 10 өңірін қамтып, студенттер арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында 23 жоғары оқу орны қатысып, 600-ден астам адам жұмылдырылған. Бұған дейін өткен сенбіліктерде 4,5 мың келі пластик жиналып, қайта өңдеуге жіберілген.

    Spread the love