Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі 2026 жылғы 29 мамырда Астана қаласындағы «Sheraton Astana» қонақүйінде «Диаспора саясаты және тарихи мұра: Қазақстандағы корейлер қауымдастығы арқылы қазақ-корей ынтымақтастығының болашағы» тақырыбында саяси және қоғамдық дипломатия семинарын өткізеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Аталған семинар Қазақстандағы корейлер қауымдастығының тарихы мен мұрасын, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының диаспора және көпэтносты саясат саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ корей қауымдастығының жетістіктерін кешенді түрде қарастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Іс-шара «саясат – мұра – адам» бағыты бойынша өтеді. Бірінші сессия аясында Корея Республикасының шетелдегі отандастар саясаты, Қазақстан Республикасының көпэтносты келісім саясаты және «Отандастар» қорының диаспора саясаты талқыланып, екінші сессияда Қазақстандағы корейлердің тарихи мұрасы мен ортақ тарихи жадыны сақтау мәселелері қарастырылады. Үшінші сессия барысында корей қауымдастығының әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен саяси ұсыныстары талқыланады. Сонымен қатар, қазақ-корей ынтымақтастығының символдық жобаларының бірі болып саналатын K-Park жобасы таныстырылатын болады.
Аталған семинар Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясы төрағасы У Вон Сик мырзаның бейнеқұттықтауымен басталып, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Отандастар» қорының, Корея Республикасының Шетелдегі корейлер істері жөніндегі агенттігінің, Қазақстандағы корейлер қауымдастығының, академиялық ортаның, жергілікті атқарушы органдардың және корей қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өтетіні күтілуде. Сондай-ақ, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері қатысып, Орталық Азиядағы диаспора тарихы мен әлеуметтік интеграция мәселелеріне халықаралық тұрғыдан өз көзқарастарын ұсынатын болады.
Бұл семинар келесі жылы аталып өтетін Қазақстандағы корейлердің жаппай қоныс аударылуының 90 жылдығы мен Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында өткізілуімен ерекше маңызға ие.
Іс-шара алдында Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының 90 жылдық тарихы мен Қазақстандағы корейлердің өмірін бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының әртістерінің қатысуымен құттықтау қойылымы өтеді. Семинардың ресми бөлімінен кейін қатысушыларға буфет форматындағы түскі ас ұсынылып, «2026 жылғы шетелдегі корей студенттерінің кездесуі» аясында «Корей жастары форумын» өткізу жоспарлануда.

