Алматы тұрғындары құрамында сынабы бар 480-ден астам шам мен құрылғыларды қайта өңдеуге тапсырды, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Алматыда Recycling Бірге! қозғалысы ұйымдастырған «Recycle Birge» экологиялық акциясы аясында құрамында сынабы бар 480-нен астам шам мен құрылғылар жиналды. Олар қауіпсіз түрде әрі қарай қайта өңдеуге жіберілді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.

Биоалуантүрліліктің халықаралық күніне орай ұйымдастырылған экологиялық акция №8 гимназия аумағында өтіп, экология мен қалдықтарды бөлек жинау мәселесіне бей-жай қарамайтын қала тұрғындарын біріктірді.

Іс-шара барысында алматылықтар қайта өңделетін қалдықтарды, қайта пайдалануға болатын заттарды тапсырды, сондай-ақ кітаптар мен өсімдіктер алмасуға қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпті қалдықтарды дұрыс жою мәселесіне қоғам назарын аударуға көмектеседі.

