Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы алғашқы қарбыз өнімін жинауға кірісті, деп хабарлайды infotabigat.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бахарам» шаруа қожалығы егістік алқаптарын К-30 каналы арқылы келетін сумен қамтамасыз етіп отыр. Диқандар суару суын тұрақты әрі уақытылы жеткізіп отырғаны үшін «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына алғыс білдірді.

Биыл 10 гектар жерге қарбыз ектік. Қазір алғашқы өнімді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су мәселесі болған жоқ. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз, – деді «Бахарам» шаруа қожалығының төрағасы Шакирбой Раджапов.

Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден астам су берілді. Оның 307 миллион текше метрі Жетісай ауданына тиесілі. Аудан бойынша бақша дақылдарын суаруға 53,8 миллион текше метр су жіберілген.
Қазіргі уақытта Жетісай ауданында бақша өнімдерін, көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.

