• kz
  • ru
  • en
  • «Таза Қазақстан»: Ақтауда ауқымды сенбілік ұйымдастырылды

    30 мамыр күні Ақтау қаласында қала әкімдігі мен облыстық экология департаментінің бірлескен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік өткізілді, деп хабарлайды infotabigat.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткен игі шараға қаладағы мұнай-газ саласында қызмет ететін 400-ге жуық компания мен кәсіпорын өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер және қала тұрғындары белсенді түрде қатысты.

    Сенбілік жұмыстары Ақтау қаласының 37, 38, 39, 40 және 42-шағын аудандары аумақтарында жүргізілді. Ауқымды тазалық шарасына 6 арнайы техника жұмылдырылып, қоғамдық орындар мен тұрғын үй маңындағы аумақтар қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылып, белгіленген орындарға жеткізілді.

    Қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Маңғыстау облыстық экология департаменті Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп сенбілік өткізіп жатыр. Мақсатымыз – тазалық жұмыстарын тек теңіз жағалауында ғана емес, шағын аудандар аумағында да жүргізіп, қаланың санитарлық тазалығын жақсартуға үлес қосу. Таза қала – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Армат Жалғасбайұлы.

    Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтау қаласында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

    Spread the love