Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жыл соңына дейін 105 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық меншіктегі 69 нысанды тексеруді көздеп отыр. Ал «Қазсушар» РМК республикалық меншіктегі 35 гидротехникалық нысан мен «Достық» мемлекетаралық гидроторабында көпфакторлы зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 2024 жылы жоспарланған 82 нысанның орнына 84 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізілген болатын. Ал 2025 жылы коммуналдық меншіктегі 28 және республикалық меншіктегі 28 нысаннан тұратын жалпы саны 56 гидротехникалық құрылыс тексерілді.
Көпфакторлы зерттеу су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігін бақылау және қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Уақытылы тексерулер жөндеуді қажет ететін нысандарды анықтауға, сондай-ақ апаттар мен бөгеттердің бұзылу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындысы бойынша нысанның қауіпсіздік декларациясы әзірленіп, тәуелсіз сараптамаға жолданады.
Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде жалпы саны 557 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу көзделген. Су кодексіне сәйкес гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мұндай зерттеулер әр бес жыл сайын жүргізілуі тиіс. Бұл мерзім алдыңғы тексерудің тіркелген күнінен бастап нақты есептеледі, – деді СРИМ Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

