Астанадағы Үндістан Елшілігі мен Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық (SVCC) Қазақстан бойынша 2026 жылғы Халықаралық йога күнін (International Day of Yoga) кең көлемде атап өтетінін хабарлады. Биылғы мерекенің жаһандық тақырыбы – «Йога – салауатты ұзақ өмір сүрудің кепілі», деп жазады infotabigat.kz.
Негізгі мерекелік іс-шара 21 маусым күні сағат 08:00-де Астана қаласындағы Астана Арена стадионында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, спортшылар, йога қауымдастықтары мен қала тұрғындары қатысады.
Халықаралық йога күні 2014 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл бастаманы әлемнің 177 мемлекеті, соның ішінде Қазақстан да қолдаған болатын. Содан бері 21 маусым бүкіл әлемде йоганы насихаттау күні ретінде аталып келеді.
Биылғы жылы йога күніне арналған іс-шаралар тек Астанада ғана емес, Қазақстанның жиырмадан астам қаласында ұйымдастырылады. Олар жергілікті әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының, сауықтыру орталықтары мен йога қауымдастықтарының қолдауымен өтпек.
Үндістан Елшілігі Қазақстанда йогаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы қаңтарда жарияланған сұхбатында күнделікті йогамен айналысуды әдетке айналдырғанын айтқан болатын.
Аюрведа мен дәстүрлі медицинаға ерекше назар
2026 жылғы мерекелік бағдарламада Аюрведа және дәстүрлі медицина саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылғы қарашада Үндістан мен Қазақстан арасында дәстүрлі медицина саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін жаңа серпін алған.
Қазақстанда Лакшминараяна жаһандық музыка фестивалі өтеді
Халықаралық йога күні аясында Қазақстанда алғаш рет әлемге әйгілі Лакшминараяна жаһандық музыка фестивалінің (LGMF) қазақстандық бағдарламасы ұйымдастырылады.
Фестивальге әлемге танымал үнді музыканттары – Л. Субраманиам, Кавита Кришнамурти Субраманиам, Бинду Субраманиам, Амби Субраманиам және Махати Субраманиам қатысады.
Концерттер қазақстандық маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілік ететін шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтеді.
Фестиваль кестесі:
- Ақтөбе – 16 маусым, 19:00
- Қостанай – 18 маусым, 18:30
- Көкшетау – 20 маусым, 19:00
- Астана – 21 маусым, 19:00
Концерттік бағдарламада үнді классикалық музыкасы, симфониялық шығармалар және заманауи фьюжн жанрындағы туындылар орындалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль екі ел арасындағы мәдени диалогты дамытуға және халықтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Үндістан Елшілігі Қазақстан тұрғындары мен ел қонақтарын Халықаралық йога күніне арналған іс-шараларға және Лакшминараяна жаһандық музыка фестиваліне қатысуға шақырды.

