«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2007 жылы құрылған, жер аумағы 161 045 га. Қазақстанның табиғи байлықтарының інжу-маржаны – «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ол Солтүстік Тянь-Шаньда, Күнгей Алатауы жотасында, теңіз деңгейінен 1800–3500 метр биіктікте орналасқан, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парктің флорасы айрықша байлығымен ерекшеленеді және теңіз деңгейінен 1400–4265 м биіктікте таралған бес биіктік белдеуді қамтиды. Парк аумағында 1000-нан астам өсімдік түрлері анықталған, олардың 19-ы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.

Парктің фаунасы да алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда 225-тен астам омыртқалы жануарлар және шамамен 1000-ға жуық омыртқасыз түрлер тіршілік етеді. Жануарлар әртүрлі экологиялық жағдайларда – тау бөктерлерінде, ормандарда, альпілік белдеуде, су айдындарында және елді мекендердің маңында кездеседі. Омыртқалы жануарлар ішінде 51 сүтқоректілер түрі тіркелген, олардың 7-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олар: Тянь-Шань қоңыр аюы, түркістан сілеусіні, қар барысы, Тянь-Шань арқары, тас сусары, Ортаазиялық құндызы, манул. Орнитофаунасы 160 құс түрімен ұсынылған, олардың 14-і Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Олардың қатарында: сақалтай, қара дегелек, ергежейлі бүркіт, дала бүркіті, бүркіт, күйкентай, қарашақаз, үкі, көк құс, сұңқылдақ аққу, құмай, дуадақ, жыланжегіш қыран, сұр тырна. Парк аумағында 500-ден астам омыртқасыз түрлері де тіркелген. Олардың ішінде ерекше қорғалатын түрлер бар: император инелігі, қарақанат шегіртке, екітаңбалы, қысқақанатты.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман ресурстарын сақтау, табиғи тепе-теңдікті қолдау және сирек кездесетін ағаш-бұта түрлерін қалпына келтіруге бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл шаралар экожүйенің тұрақты қызметін қамтамасыз ету және өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтау үшін басым мәнге ие. Парктің орман қызметі орман заңнамасының талаптарының қатаң орындалуын қамтамасыз етеді. Заңсыз ағаш кесуді, мал жаюды және браконьерлікті болдырмау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Өрттердің алдын алу үшін жыл сайын маусымдық дайындық ұйымдастырылып, арнайы өртке қарсы жабдықтар мен техника әрдайым дайындықта ұсталады. Парктің қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тәулік бойы бақылау жүргізеді. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасы ерекше қорғауға алынған. Экологиялық талаптарды сақтау мақсатында жекелеген туристік маршруттарға шектеулер енгізіліп, табиғи кешендерге зиян келтіруі мүмкін әрекеттердің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Парктің питомниктерінде орман тұқымдас ағаштардың көшеттері өсіріліп, олар көктем мезгілінде жыл сайын отырғызылады. Табиғи қалпына келу процестері қолдау тауып, орман жамылғысын қайта жаңғырту шаралары іске асырылуда. Паркте бейнебақылау жүйесі орнатылған, ол негізгі кіреберістерді, туристік бағыттарды және автотұрақ аймақтарын қамтиды. Қысқы кезеңде экожүйелердің осал уақытында қауіпсіздікті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қоршаулар мен ескерту белгілері қойылады.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамыту басым бағыттардың бірі ретінде танылған. Оның ұйымдастырылуына парк әкімшілігі, туроператорлар және қоғамдық бірлестіктер қатысады. Парктің аумағында әртүрлі климаттық аймақтар бар: таулы шыңдар мен мәңгілік мұздықтардан бастап құмды шөлдерге дейін.

