Лондон, Ұлыбритания — Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде (LSE) Observer Research Foundation (ORF) бастамасымен құрылған Жасыл трансформация жөніндегі Кеңейтілген өкілеттіктерге ие Жоғары кеңестің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды infotabigat.kz Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офистің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Кеңес мүшесі ретінде Орталық Азия климаттық қорының (CACF) Бас атқарушы директоры Ерлік Қаражан қатысты. Отырыста ол Орталық Азиядағы жасыл қаржыландыру мен климаттық инвестицияларды дамытуға қатысты өз көзқарасын ұсынды.
Observer Research Foundation — геосаясат, экономикалық даму, энергетика, киберқауіпсіздік және жаһандық басқару мәселелеріне маманданған Үндістанның жетекші тәуелсіз сараптамалық-зерттеу орталықтарының бірі. Қор әлемнің жетекші зерттеу институттарымен, үкіметтерімен және көпжақты ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, G20 аясындағы саясаттық ұсынымдарды әзірлеуге қатысады.
Кеңейтілген өкілеттіктерге ие Жоғары кеңес климаттық қаржыландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және халықаралық қаржы институттары мен көпжақты даму банктеріндегі институционалдық реформалар жөніндегі талқылауларды ілгерілету мақсатында құрылған. Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – дамушы және қалыптасып келе жатқан экономикаларға, әсіресе Жаһандық Оңтүстік елдеріне бағытталатын «жасыл» инвестициялар көлемін ұлғайтудың тиімді жолдарын айқындау.
Кеңесті G20-ның Көпжақты даму банктерін реформалау жөніндегі тәуелсіз сарапшылар тобының тең төрағасы, Экономикалық өсу институтының президенті және Үндістанның 15-ші Қаржы комиссиясының бұрынғы төрағасы Нанд Кишор Сингх басқарады.
Кеңес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Оның алғашқы құрамына әлемнің танымал экономистері, саясаткерлері және климат мәселелері жөніндегі сарапшылары енді. Олардың қатарында климат өзгерісінің экономикалық салдарына арналған ең ықпалды зерттеулердің бірі саналатын «Климаттың өзгеру экономикасы» (Stern Review) баяндамасының авторы, профессор Николас Стерн де бар.
Ерлік Қаражан – қазір Кеңес құрамындағы Орталық Азиядан шыққан жалғыз өкіл. Оның қатысуы өңірдің басымдықтары мен мүдделерін жаһандық климаттық қаржыландыру архитектурасы мен әділ әрі инклюзивті жасыл трансформация мәселелері жөніндегі халықаралық талқылауларға енгізуге мүмкіндік береді.
Өз сөзінде Ерлік Қаражан Орталық Азия елдерінің климаттық қаржыландыруға қол жеткізу барысында кездесетін негізгі сын-қатерлерге тоқталып, өңірдегі тұрақты экономикалық дамуды, климаттық орнықтылықты және көміртексіздендіру үдерістерін қолдайтын инвестициялық тетіктерді кеңейтудің маңыздылығын атап өтті, – делінген хабарламада.
Кеңестің құрылуы – климаттық қаржыландыру жүйесін реформалау мәселелері бойынша халықаралық диалогты кеңейтуге және жаһандық климаттық мақсаттарға қол жеткізу жолында дамыған және дамушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам саналады.

