Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының негізі 1929 жылы бағалы аң терісін өндіретін қорғалым ретінде қаланған. 1939 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің №973 шешімі бойынша қорық статусы берілген, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – Тұран шөлейттерінің солтүстік және орташа аймақшалық типіне кіретін экожүйелерді қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір қорық.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі 2005 жылдың 25-қарашасында Үкіметтің №1162 қаулысымен Арал теңізінің кепкен табаны мен шығыс жағалауларындағы бұрынғы аралдары қосылып 160826 гектарға ұлғайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 га) қосу арқылы ұлғайды.
Қорықтың жалпы аумағы 163 126 га. Қазіргі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жалпы көлемі 163126 гектар. Қорық үш кластерлік учаскеден құралған.
«Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы және оған жалғасып жатқан Арал теңізінің кепкен табанын алып жатыр, көлемі 50884 га.
«Қасқақұлан» учаскесіне Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалауы және аралдары кіреді, көлемі 109942 га. Мұнда қорықтың негізгі қорғауға алынған түрі – құландардың мекен ету аймағы және сексеуілдің табиғи үлкен тоғайы бар.
«Дельта» учаскесі, Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасында орналасқан, ауданы – 2300 га. Сырдария өзенінің құяр сағасы Қазақстанның сулы-батпақты өңірлерінің ішінде маңыздылығы бойынша 4 орынды алып отыр және де ол биоәркелкелігімен ерекшеленеді
Қорықтың биоәркелкілігі:
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында өсімдіктер дүниесінің 325 түрі бар, оның ішінде 16 эндемик және 5 түр Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Олар: Борщов қызғалдағы, Пратов көкпегі, Қосжарнақты қызғалдақ, Қылқанжапырақты батпақгүл, Қазақстандық қамыс.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жануарлар дүниесі өте алуан түрлі.
Сүтқоректілер фаунасы едәуір көп түрлі – 28 түр. Оның 3 түрі – Түркімен құланы, қарақұйрық, шағыл мысығы Қызыл кітапқа енгізілген. Шөл түрлері: қарсақ, құм қояны, қосаяқ, зорман, сұр атжалман, қалқанқұлақты кірпі көп кездеседі. Сонымен қатар, қасқыр мен түлкі көп таралған.
Қорықта жылдың әр-түрлі мезгілінде 250 түр құстар мекен етеді немесе ұшып өтеді. Оның 33 түрі Қызыл кітапқа енгізілген, 17 түр индикаторлық болып табылады.
Қызыл кітапқа енгізілген түрлер: бұйра бірқазан, кіші аққұтан, сары құтан, сұр тырна, бидайық, қарабас өгіз шағала, сұңқылдақ аққу, жыланшы бүркіт, дала қыраны, қарақұс, джек-дуадақ, жәй дуадақ, тарғақ ақбауыр және қарабауыр бұлдырықтар, үкі, қоқиқаз, қарабай, мәр-мәр шүрегей, ақкөз сүңгуір, жалбағай безгелдек, ителгі, қылқұйрық бұлдырық кездеседі.
Бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі белгілі. Құмды шөл – ең бай жер, одан кейін сазды, тасты-шағыл тасты, ең кедей жер сор. Тек қана құмда тарақ саусақты жармасқы, құлақты бат-бат, бұлан-құйрық бат-бат, орташа және жолақ кесіртке мекендейді. Жалтырауық жармасқы мен құм айдаһаршасы басқа биотоптарда да кездеседі. Тақыр бат-баты, түрлі-түсті кесіртке, қалқан тұмсық жылан көбіне сазды шөлдерде мекендейді. Барлық немесе дерлік барлық шөл түрлеріне ортаазия тасбақасы, бұғақты ешкемер, шапшаң кесіртке, оқ жылан тән. Қорықта ең саны көп кесірткелер тақыр бат-баты, бұғақты ешкемер және түрлі-түсті кесіртке болып табылады.
Қосмекенділердің 2 түрі бар: жасыл құрбақа және көлбақа. Жасыл құрбақа(Bufo virdis) – Барсакелмес қорығының барлық аумағында кездеседі және барлық мезгілдік су айдындарында мекен етеді. Индикаторлық түр болып саналады.
Балықтардың 22 түрі бар. Омыртқасыздар әлемі өкілдері өте көп, тек насекомдардың өзінің 12 отрядтан 2000 –дай түрі кездеседі.

Халықаралық мәртебелері:
– 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасы Халықаралық Рамсар конвенциясымен қорғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енген.
– 2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағадарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Әлемдік жүйесіне енді.
-2023 жылдың қыркүйек айында Барсакелмес қорығы “Тұран шөлдері” номинациясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесіне ие болды.
Сонымен бірге, 2020 жылы 23 қазанда Астана қаласында еліміздің үздік инспекторлары, орманшылары мен табиғат қорғаушыларына орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы “Елім-ай” арнайы сыйлығы тапсырылды. Ең үздік қорық номинациясында “Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы” республикалық мемлекеттік мекемесі танылды.

