• kz
  • ru
  • en
  • Қызылордада шыны қалдықтарын қайта өңдеу және шыны ыдыс өндіретін зауыттың іргетасы қаланды

    Қызылорда облысында шыны қалдықтарын қайта өңдеп, шыны ыдыс өндіретін жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жоба «Жасыл Даму» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатыр және өңірдегі ең ірі экологиялық әрі индустриялық нысандардың біріне айналмақ, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Жобаның бастамашысы – «Seven Rivers Technologies» ЖШС. Компанияны Үмбетаев Ануар Сақтағанұлы басқарады. Болашақ кәсіпорын шыны қалдықтарын қайта өңдеуге және шыны бөтелкелер шығаруға маманданады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 240 миллион данаға дейін шыны ыдыс өндіруге мүмкіндік береді.

    Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 60 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өңір экономикасының дамуына және халықты жұмыспен қамту деңгейінің артуына елеулі үлес қоспақ. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2026–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

    Мұндай жобаларды жүзеге асыру Қазақстанда тұйық циклді экономиканы қалыптастыру және “жасыл” өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Жаңа зауыт шыны қалдықтарының көлемін азайтып қана қоймай, ішкі нарықты отандық шыны ыдыспен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, – деді «Жасыл даму» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиақбаров.

    Бұл жоба еліміздің экологиялық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттырып, өнеркәсіп саласында заманауи экологиялық стандарттарды енгізуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, кәсіпорынның іске қосылуы шағын және орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндік жасап, Қызылорда облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсерін тигізеді.

    Spread the love