• kz
  • ru
  • en
  • Жыл басынан бері шығыста 42 экологиялық заң бұзушылық анықталды

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті 27 тексеру жүргізді. Оның ішінде 22-сі жоспардан тыс, 2-і профилактикалық, деп хабарлайды infotabigat.kz ШҚО ӨКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Тексеру қорытындысы бойынша экологиялық заңнаманы бұзғандарға 21 нұсқама берілді.

    Бұдан бөлек, жалпы сомасы 207,1 миллион теңгені құрайтын 43 әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 203,7 миллион теңгесі өндірілді, ал қалған деректер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Бауыржанұлы мәлімдеді.

    Мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізудің мақсаты – табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаға келтірілетін кері әсердің алдын алу және экологиялық қауіпсіздікті нығайту. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңір кәсіпорындарының бекітілген заң талаптарын сақтауын тұрақты түрде бақылау ұстайды, – деді спикер.

    Өңірдегі қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңіндегі экологиялық ахуал тұрақты әрі ерекше бақылауда.

    2026 жылдың алғашқы алты айында Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) 40 күн бойы тіркелген. Бұл туралы ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Бауыржанұлы мәлімдеді.

    Спикердің айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдай атмосферадағы ластаушы заттардың таралуына кері әсер етіп, олардың жерге жақын қабатта шоғырлануына ықпал етеді. Мұндай кезеңде желдің бәсеңдеуі, ауа алмасуының төмендеуі және температуралық инверсия сынды табиғи құбылыстардың әсерінен ауа сапасы нашарлауы мүмкін.

    Есепті кезеңде қаңтар айында – 15 күн, ақпанда – 10, наурызда – 3, сәуірде – 5, мамырда – 3, маусымда – 4 күн қолайсыз метеорологиялық жағдай тіркелген.

    Осы кезеңде өңірдегі өндіріс орындары ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемін азайту үшін арнайы шаралар қабылдайды. Бұл жұмыстар экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Ал Экология департаменті ауа сапасын тұрақты бақылап, кәсіпорындардың белгіленген талаптарды сақтауын қадағалайды.

    Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай кезеңде ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайту ауа сапасын жақсартып, тұрғындардың денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

    Spread the love