ҚР Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ-ы орман қоры, мемлекеттік табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді өрттен қорғауды күшейтуге кәдеге жарату төлемі қаражаты есебінен қаржы бағыттады, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 16 916 552 707 теңгені құрады. Қаражат орман өрттерін ерте анықтаудың заманауи жүйелерін енгізуге, ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондар) сатып алуға, бейнебақылау, байланыс және деректерді беру жабдықтарын жаңартуға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Бұл жүйелер бағдарламалық және техникалық шешімдерді біріктіріп, қорғалатын аумақтарды тәулік бойы бақылауға және өрт белгілері анықталған жағдайда ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Аталған жоба Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Себебі еліміздегі орман алқаптарының үлесі салыстырмалы түрде аз, ал оларды қалпына келтіру ондаған жылдарды талап етеді. Сондықтан өрт ошақтарын ерте анықтау және жедел әрекет ету табиғи байлықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Жоба аясында өңірлерге ЕАЖ-1 орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің 14 кешені жеткізілді.
Қаржыландыру өңірлер бойынша төмендегідей бөлінді:
Ақмола облысы – 4 838 441 450 теңге;
Қостанай облысы – 1 354 086 800 теңге;
Қарағанды облысы – 3 043 492 747 теңге;
Павлодар облысы – 1 045 995 589 теңге;
Алматы облысы – 3 337 277 304 теңге;
Түркістан облысы – 1 661 830 639 теңге;
Шығыс Қазақстан облысы – 1 635 428 178 теңге.
ЕАЖ-1 – қорғалатын аумақта өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен. Жүйе тәулік бойы жұмыс істеп, түтінді, жану өнімдерін, температураның көтерілуін, сондай-ақ жалынның инфрақызыл және ультракүлгін сәулеленуін тіркейді. Қауіп расталған жағдайда ақпарат жедел түрде диспетчерлік пунктке немесе өртке қарсы қызметке жіберіледі. Бұл әрекет ету уақытын қысқартып, өрттің кең таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Жекелеген нысандарда тәулік бойы жұмыс істейтін шолу бұрышы кең автоматтандырылған бейнекамералар қолданылуда. Мұндай технологиялар өртті көзге анық байқалмай тұрып-ақ, бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.
Өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және заманауи байланыс құралдарын қолдану орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаудың тиімділігін арттырады. Бұл тәсіл өртке жедел әрекет етуге ғана емес, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, адамдар үшін туындайтын қауіп-қатерді азайтуға, экологиялық және материалдық шығындарды барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру Қазақстанның табиғи аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және ормандарды төтенше жағдайлардан қорғаудың тұрақты әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

