Қазақстанда Халықаралық жайылымдар жылы аясында жайылымдарды тұрақты басқаруға арналған Дала күні өтеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) 2026 жылды Халықаралық жайылымдар мен жайылымдық мал шаруашылығы жылы деп жариялады. Бұл бастама жайылымдардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қолдаудағы, биоалуантүрлілікті сақтаудағы және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі стратегиялық маңызын халықаралық деңгейде мойындауға бағытталған. Жер шарының жартысынан астамын алып жатқан жайылымдар миллиардтаған адамды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғи экожүйелерді сақтауға, көміртекті сіңіруге, туризмді дамытуға және жаңартылатын энергия көздерін орналастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін жайылымдар – ұлттық табиғи капиталдың маңызды бөлігі. Алтайдан Атырауға, Сарыарқадан Алатауға дейін жайылып жатқан Ұлы даладағы 200 миллион гектардан астам жайылымдық жер еліміздің мал шаруашылығының негізгі жемшөп көзі саналады. Олар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және ауылдық жерлерде тұратын жеті миллионнан астам халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар жайылымдар дала экожүйелерінің биологиялық алуандылығын сақтап, атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіретін маңызды табиғи ресурс болып есептеледі.
Осы бағыттағы жұмыстар Жаһандық экологиялық қордың (GEF-7) қолдауымен жүзеге асырылып жатқан БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Агроорман мелиорациясы арқылы Қазақстанның жайылымдық жерлерінің климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету» жобасы аясында іске асырылып жатыр. Жобаның операциялық серіктесі – Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығы.
Жоба шеңберінде Ақтөбе облысының Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында, сондай-ақ Алматы облысының Балқаш және Іле аудандарында жайылымдарды тұрақты басқару, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, көміртекті байланыстыру әлеуетін арттыру және табиғи экожүйелердің өнімділігін жақсарту бойынша практикалық шаралар жүзеге асырылып келеді.

2026 жылғы 13–16 шілде аралығында Халықаралық жайылымдар жылына орай ФАО, Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығы және пилоттық өңірлердің фермерлері бірлесіп Дала күнін өткізбек. Іс-шара барысында қатысушыларға жайылымдарды кешенді және тұрақты басқарудың тиімді модельдері, тозған жайылымдарды қалпына келтірудің заманауи технологиялары, жайылымдардың көміртекті сіңіру әлеуетін арттыру тәжірибесі Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларын әзірлеу мен іске асырудың практикалық тетіктері таныстырылады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жоба аясында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жанынан құрылған Жайылым пайдаланушылардың мобильді мектебінде «Қазақстан жайылымдарын карбонизациялаудың басым бағыттары» тақырыбында дәріс ұйымдастырылады.
Дала күніне ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және агроорман мелиорациясы салаларына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, фермерлер, жайылым пайдаланушылар, қоғамдық кеңестердің мүшелері, ғылыми ұйымдар, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың, әйелдер мен жастардың өкілдері қатысады.

Іс-шара тәжірибе алмасуға, жайылымдарды орнықты пайдалану жөніндегі озық тәсілдерді кеңінен таратуға және Қазақстандағы жайылым экожүйелерінің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

