• kz
  • ru
  • en
  • CACF энергетика секторын дамытуға арналған стратегиялық ұсынымдарын жариялады

    Орталық Азия климаттық қорының (CACF) сарапшылары KAZENERGY қауымдастығының тапсырысы бойынша климаттың өзгеруі мен «жасыл көшуге» байланысты Қазақстанның энергетика саласына төнетін ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізіп, оларды төмендету және жаңа даму мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде бірқатар ұсынымдар әзірледі, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    «2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммиттің күн тәртібіне сәйкес Қазақстанның энергетика саласы үшін Орталық Азияның орнықты дамуындағы тәуекелдер мен мүмкіндіктерді кешенді талдау» тақырыбындағы зерттеу екі ай бойы жүргізілді. Осы уақыт ішінде CACF сарапшылары энергетика саласы үшін аса маңызды саналатын саммиттің 20 сессиясының материалдарын, бағдарламалық құжаттарды, декларацияларды және басқа да стратегиялық құжаттарды зерделеді.

    Зерттеудің негізгі бағыты 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС-2026) климаттық, экологиялық, технологиялық және әлеуметтік күн тәртібінің Қазақстанның энергетика секторындағы компаниялардың бизнес-модельдерінің тұрақтылығына ықтимал ықпалын бағалауға арналды. Талдау мұнай-газ саласын, көмірсутектерді тасымалдау мен өңдеуді, мұнай-химия өндірісін, электр энергетикасын, көмір генерациясын, газ инфрақұрылымын, жаңартылатын энергия көздерін, атом саласын және сервистік компанияларды қамтыды.

    CACF сарапшылары климаттық күн тәртібі енді сыртқы экологиялық шектеу ғана емес, саланың экономикалық даму логикасының ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.

    2030–2035 жылдар кезеңінде энергетикалық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі тек өндірістік көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар:

    – ESG қағидаттарына негізделген басқару сапасы және климаттық деректердің ашықтығы;

    – технологиялық жаңғырту деңгейі мен шығарындыларды басқару тиімділігі; – инфрақұрылымның климаттық тәуекелдерге төзімділігі;

    – ұзақ мерзімді климаттық қаржыландыруға қолжетімділігі;

    – жаңа климаттық күн тәртібімен жұмыс істей алатын білікті кадрлардың болуы сияқты факторлармен айқындалатынын айтты.

    Сарапшылар анықталған тәуекелдердің сызықтық сипатта емес, өзара байланысты әрі бірін-бірі күшейтетін мультипликативтік сипатқа ие екенін де атап өтті. Олар біртұтас қысым жүйесін қалыптастырады, онда бір буындағы әлсіздік қалғандарының осалдығын күшейтеді.

    CACF сарапшылары негізгі бес осалдықты бөліп көрсетті:

    • «жасыл көшудің» инвестициялық тұрғыдан іске асырылу мүмкіндігі;
    • инфрақұрылымның физикалық тұрақтылығы;
    • реттеушілік және экспорттық талаптарға сәйкестік;
    • технологиялық және кадрлық даярлық; әлеуметтік тұрақтылық.

    Зерттеу қорытындысы бойынша KAZENERGY қауымдастығына энергетика саласындағы тәуекелдерді азайту және саланы дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған стратегиялық ұсынымдар ұсынылды.

    Еске сала кетейік, Орталық Азия климаттық қоры – 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастаманы іске асыру мақсатында 2024 жылғы 22 ақпанда құрылған Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Жобалық кеңсенің заңды тұлғасы болып табылады.

    CACF қызметінің негізгі қаржыландыру көздері – қайырымдылық және демеушілік қаражат, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының гранттары, сондай-ақ қордың жарғылық қызметі нәтижесінде алынатын қаражат.

    CACF миссиясы – саясатты дамытуға, инновацияларды енгізуге және серіктестікті нығайтуға қолдау көрсету арқылы Орталық Азиядағы климаттық көшуді жеделдету. Астанада 22–24 сәуір аралығында өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында қабылданған «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясының 24-тармағына сәйкес, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары өңірдегі экологиялық трансформацияны жеделдетуге бағытталған бірлескен іс-қимылдарды күшейту мақсатында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Жобалық кеңсе аясындағы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

    Алдағы уақытта CACF қызметі Орталық Азиядағы климаттық, экологиялық және энергетикалық күн тәртібінің түрлі бағыттарын біріктіретін бірыңғай өңірлік платформаны қалыптастыруға бағытталатын болады.

    Spread the love