Табиғат аясында қалдырылған қоқыс қоршаған ортаны ластап қана қоймай, Каспий теңізінің жағалауындағы экожүйеге де кері әсерін тигізеді, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жел мен жауын-шашынның әсерінен пластик бөтелкелер, пакеттер, бір реттік ыдыстар және басқа да тұрмыстық қалдықтар теңізге немесе су арналарына түсіп, кейін Каспийдің ластануына себеп болуы мүмкін.
Пластик қалдықтары табиғатта ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы сақталып, біртіндеп микропластикке айналады. Мұндай бөлшектер су жануарларының, құстардың және балықтардың ағзасына түсіп, олардың тіршілігіне кері әсер етеді. Сонымен қатар, қоқыс қалдықтары жағалаудың санитариялық жағдайын нашарлатып, демалыс орындарының көркін бұзады және өрт шығу қаупін арттыруы мүмкін.
Табиғатты қорғау – әр адамның азаматтық жауапкершілігі. Әрбір демалыстан кейін өзіңізден соң қоқысты жинау – қоршаған ортаға деген құрметтің қарапайым әрі маңызды көрінісі.
Табиғат аясында демалғанда мына ережелерді ұстанайық:
• Қоқысты арнайы контейнерлерге тастаңыз немесе өзіңізбен бірге алып кетіңіз;
• Бір реттік пластик бұйымдарын мүмкіндігінше аз пайдаланыңыз;
• Демалыс орнын таза қалдырыңыз;
• Басқаларды да табиғатты аялауға шақырыңыз.

