• kz
  • ru
  • en
  • Таза Қазақстан: Павлодарда абаттандыру талаптарын бұзғандар жауапқа тартылды

    Павлодар облысында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында абаттандыру қағидаларын бұзу мен қоғамдық орындарды ластау фактілерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды infotabigat.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Полиция қызметкерлері рұқсат етілмеген қоқыс орындары пайда болатын аумақтарды тұрақты бақылауға алып, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерлерге төгетін, сондай-ақ лас суларды рұқсат етілмеген аумақтарға ағызатын азаматтарды анықтауда.

    Мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып, заң бұзушылықтарға “нөлдік төзімділік” қағидатын орнықтыру.

    Мәселен, Павлодар қаласының Минин көшесінде қараусыз қалған жеке үйдің иесі өзіне тиесілі жер учаскесін тұрмыстық қалдықтар мен қоқысқа толтырып, оған іргелес аумақты санитариялық талаптарға сай емес жағдайда ұстаған. Бұл әрекет абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде тіркеліп, тұрғынға қатысты әкімшілік материал толтырылды.

    – Жыл басынан бері полиция қызметкерлері абаттандыру саласында орын алған 5 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті. Рейдтік жұмыстар белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау фактілерінің алдын алуға және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға бағытталған, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті.

    Полиция азаматтарды абаттандыру талаптарын сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.

    Егер қоғамдық орындардың ластанғанын, құрылыс немесе тұрмыстық қалдықтардың белгіленбеген жерлерге жиналғанын байқасаңыз, бұл туралы “102” арнасына хабарлауға болады.

    Spread the love