• kz
  • ru
  • en
  • Ілбіс секіргенде 15 метрге дейін қашықтықты еңсере алады

    Ілбіс биік таулардың ең құпия әрі айбынды жыртқыштарының бірі. Ол көзге көп түспейді, көбіне адам аяғы сирек жететін жартасты, биік таулы аумақтарды мекендейді, деп хабарлайды infotabigat.kz Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Оның ерекше қабілеттерінің бірі — бір секіргенде шамамен 15 метрге дейінгі қашықтықты еңсере алуы. Ал ұзын әрі қалың құйрығы жартастар арасында қозғалғанда тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Қақаған суықта оны денесіне орап, жылыну үшін де пайдаланады.

    Тағы бір қызығы — ілбіс арыстан немесе жолбарыс секілді ақыра алмайды. Оның дыбыстары көбіне пырылдау, ырылдау және басқа бәсең үндерге ұқсайды.

    Қазақстанда ілбіс Қызыл кітапқа енгізілген және мемлекет қорғауында. Оның мекен ету аумағының бір бөлігі еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында орналасқан. Ілбіс Іле-Алатауы, Катонқарағай, Көлсай көлдері, Сайрам-Өгем және Жоңғар Алатауы, Алтын Емел мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, Ақсу-Жабағылы және Алматы мемлекеттік табиғи қорықтарының таулы аумақтарында кездеседі.

    Бұл аумақтарда сирек жыртқыштың мекен ету ортасын сақтау, фототұзақтар арқылы бақылау және ғылыми мониторинг жүргізу жұмыстары жүзеге асырылады.

    Ілбістің Қазақстан тауларында мекендеуі — жай ғана сирек жануардың кездесуі емес. Бұл – таулы экожүйелердің табиғи тепе-теңдігі мен тұтастығын көрсететін маңызды белгі.

    Табиғаттың көзге көрінбейтін иесін қорғау – тауларымыздың болашағын қорғау.

    Spread the love