• kz
  • ru
  • en
  • Түркістанда 20 кәсіпкер қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады

    Түркістан облысының аумағында жалпы саны 151 полигон орны белгіленген. Оның 28-і аудандық, 37-сі ауылдық округтерге тиесілі болса, 40 полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Мәжілісте Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов облыс аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру полигондарының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестентіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Бүгінде жоспарға сәйкес, бір-біріне жақын орналасқан елді мекендердегі полигондарды біріктіру арқылы 51 полигонды оңтайландырып, жабу көзделген. Осыған сәйкес, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 18, биылғы жылдың 7 ай қорытындысымен – 4 полигон оңтайландырылса, жыл соңына дейін 5 полигонды жабу жоспарланып отыр.
    Полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру бойынша да жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Созақ, Түлкібас және Сайрам аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілген. Бұл бағытта Созақ ауданында ауқымды жұмыстар атқарылған. Ауданда жаңа 7 полигонның құрылысын жүргізуге 1,7 млрд теңге қаржы қаралып, нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған. 2024 жылы Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе полигондарының құрлысы аяқталып, ал 2025 жылы Шу, Тасты, Шолаққорған, Сызған ауыл округтерінің полигондарының құрылысы басталды. Нысандар 2026 жылы қазан айында аяқтау жоспарланған.
    Полигондарда өрттің алдын алу мәселесі де бақылауда. Осы мақсатта барлық аудан және қала әкімдіктері тарапынан арнайы қадамдық іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілді. Осыған сәйкес, полигондарда өрт болған жағдайда бір сағат ішінде тиісті шара қабылдау үшін жауапты мамандар мен арнайы техникалар бекітілген. Сондай-ақ бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген аэротүсірілімдер нәтижесінде 2025 жылы 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазартылды. Биыл мамыр-маусым айларында 242 нүкте анықталса, шілде айында қосымша 8 нүкте тіркелген. Бүгінде толық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Ал қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағыты қатаң бақылауда.
    Бүгінде облыста қалдықтарды қолмен сұрыптау қызметімен 15, қайта өңдеу қызметімен 5 кәсіпкер жұмыс істейді. Бұл бағытты одан әрі дамыту мақсатында облыс аумағы 6 аймаққа бөлініп, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әр аймаққа аудан, қала әкімдіктерінің ұсынысы бойынша қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер бекітілді. Кәсіпкерлерді қолдау және осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмендетілген пайызбен несиелендірілуде.
    Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала аумақтарында орналасқан полигондарды ретке келтіруді, олардың күтіп-ұсталуының сапасын арттыруды және қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуды тапасырды. Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласы тұрақты бақылауда болуы керектігін атап өткен өңір басшысы полигондарда өрттің алдын алу бойынша бекітілген іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бей-берекет қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу үшін тазалық жұмыстарын уақтылы жүргізіп, әкімдіктер тарапынан рейдтік шараларды күшейтуді міндеттеді.
    Spread the love