• kz
  • ru
  • en
  • Атырау ауасындағы зиянды заттар нормадан асты: кәсіпорындар тексеріледі

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда Атыраудағы атмосфералық ауа сапасының нашарлауына қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды infotabigat.kz.

    Жиынды өңір басшысы ашып, соңғы күндері әлеуметтік желілерде қала тұрғындары ауа сапасының нашарлағанын және жағымсыз иістің барын айтып жаппай шағымданып жатқанын және оның негізсіз емес екенін атап өтті. Бұған дейін облыс әкімі Болат Ақшолақов атмосфералық ауа сапасын түнгі уақытта өлшеуді тапсырған еді. Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары хабарлағандай, мониторинг сағат 22:00 мен 07:00 аралығында жүргізілген. Нәтижесінде қаланың бірқатар ауданында ластаушы заттар, соның ішінде күкіртсутек пен көміртек оксидінің көрсеткіші шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені тіркелген. Аймақ басшысы осыған байланысты атмосфералық ауаның ластануына жол берген кәсіпорындарды тексеру үшін тиісті материалдарды дайындауды тапсырды.

    Қалыптасқан экологиялық жағдай күрделі және мұндайға жол беруге болмайды. Экологиялық проблемаларды шешу мәселені мойындауды, жағдайды объективті бағалауды және барлық мүдделі тараптың бірігіп жұмыс істеуін талап етеді, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

    Spread the love