• kz
  • ru
  • en
  • Климат өзгеріп жатқан жағдайда Орталық Азия халқын азық-түлікпен қалай қамтамасыз етуге болады?

    Жаһандық жылынудан туындаған Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жақын болашақта-ақ өңірде азық-түлік тапшылығына әкелуі мүмкін. Орталық Азия климаттық қорының (CACF) ғылыми кеңесшісі, биология ғылымдарының докторы, Орталық Азия бойынша Кембридж форумының мүшесі Темур Юнусов туындап келе жатқан мәселені шешудің өз жолдарын ұсынды, деп хабарлайды infotabigat.kz САСF-тың ресми сайтына сілтеме жасап.

    Климаттың өзгеруінен туындайтын негізгі салдарды жалпы үш негізгі бағытқа бөлуге болады: орташа температураның жоғарылауы, тұщы су тапшылығының күшеюі және табиғи апаттық құбылыстардың жиілеуі. Юнусовтың пікірінше, жоғарыда аталған факторлар ауыл шаруашылығына аса кері әсер етіп, соның салдарынан Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Қыста да, жазда да температураның шектен тыс ауытқуымен және көктем мен күзде қалыпты температура сақталатын кезеңдердің өте қысқалығымен сипатталатын күрт континенттік климатқа байланысты бүкіл өңір температураның тіпті аз ғана өзгерістеріне де осал.

    Дәл осы жағдай өңірдің флорасы мен фаунасын қалыптастырды: өсімдіктер мен жануарлар мұндай жағдайларға бейімделіп, оңтайлы температура мен ылғалдылықтың қысқа мерзімінде жедел тіршілік циклдерін аяқтау үшін қысқа көктем мезгілін барынша тиімді пайдаланады. Біз байқап отырған климаттың өзгеруіне байланысты ығысудың мәні – осы қысқа көктемгі кезеңнің тез қысқарып, қысқа мерзімді, бірақ температураның күрт өзгеруімен жиі бұзылуында. Гүлдеу кезеңіндегі кеш үсіктер мен қалыптан тыс ерте басталатын аптап ыстық нәзік гүлдер мен тозаңдану процесін бұзып, бүкіл вегетациялық кезеңдегі өнімділікті күрт төмендетуі мүмкін, – деп атап өтті сарапшы.

    Юнусов экстремалды температура мен тұщы су тапшылығының күшею үрдісі жалғаса береді деп есептейді. Бұл дәстүрлі ашық егіншілік тәжірибелерін тиімсіз әрі өміршең емес жағдайға әкеледі. Оның пікірінше, бұл мәселенің ең тиімді шешімі – жабық егіншілік технологияларына көшу және олардың барынша экономикалық әрі экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

    Температурасы бақыланатын арнайы салынған жылыжайларда гидропоникалық және аэропоникалық әдістермен өсіру жыл бойы жаңа өнімнен мол әрі тұрақты өнім алуға ғана емес, ауыл шаруашылығында суды пайдалануды түбегейлі қысқартуға мүмкіндік береді, – деп санайды CACF ғылыми кеңесшісі.


    Мұндай шешімдердің артықшылықтарына мыналар жатады:

    • азық-түлікті сенімді әрі болжамды түрде өндіру;

    • суды аз тұтыну және тұйық айналым жүйелерін қолдану мүмкіндігінің жоғары болуы;

    • пестицидтер мен гербицидтерді аз пайдалану немесе олардан толық бас тарту;

    • қоршаған ортаға ағын сулар түспей, тыңайтқыштарды едәуір оңтайлы әрі аз мөлшерде пайдалану;

    • өнімділігі жоғары және/немесе дәмдірек, бірақ нәзік сорттарды жаппай өндіру мүмкіндігі;

    • топырақ сапасына және, тиісінше, фермалардың орналасуына толық тәуелсіздік.

    Гидропоникалық және аэропоникалық фермалардың кемшіліктері:

    • құрылыс пен пайдалану шығындарының бастапқы кезеңде жоғары болуы, сондай-ақ нысандарды қолдау үшін арнайы инфрақұрылым құру қажеттілігі;

    • энергияға деген қажеттіліктің жоғары болуы. Оны жылу сорғылары мен күн панельдерін кеңінен пайдалану арқылы азайтуға болады, алайда бұл бастапқы капиталдық шығындарды тағы да арттырады;

    • нысандарды пайдалану және басқару үшін жоғары білікті мамандардың қажеттілігі;

    • бидай, күріш және жүгері сияқты калориялық тығыздығы жоғары дақылдарға, сондай-ақ жеміс ағаштарына бұл технологиялардың жарамсыз немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкіндігі.

    Бұл шешімдер қымбат және жеке серіктестер тарапынан ғана емес, ұлттық үкіметтер тарапынан да ауқымды инвестицияларды қажет етеді. Бұл ретте заңнамалық, білім беру және салалық реттеушілік қолдау қажет. Алайда мұндай қымбат бастамаға балама – азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін жоғары тәуекелдер және өңірде азық-түлік тапшылығына немесе аштыққа алып келетін ірі ауыл шаруашылығы апатының ықтималдығының артуы. Гидропоникалық және аэропоникалық фермалардың оқшауланған сипаты дақылдардың алуан түрін көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде рационды әртараптандырып, тамақтанудың баламалы нұсқаларын ұсынады, – деді Темур Юнусов.

    Гидропоникалық және аэропоникалық фермаларды пайдалану суға деген сұранысты айтарлықтай азайтып, үнемделген су көлемін басқа ауыл шаруашылығы тәжірибелерін енгізуге, мысалы, даражарнақты дақылдар егілетін алқаптарға бағыттауға мүмкіндік береді.

    Даражарнақты дақылдар өсірілетін алқаптар да тәсілдерді түбегейлі өзгертуді талап етуі мүмкін. Барлық даражарнақты өсімдіктерге кең таралған, бірақ тереңге бойламайтын тамыр жүйесі тән болғандықтан, мұндай дақылдарға арналған арнайы алқаптар құруға болады. Мұндай алқаптарда осы дақылдар үшін оңтайлы тереңдікке орнатылған капиллярлық суару жүйесі бар керамикалық науа болуы мүмкін. Негізінен, бұл судың топырақтың терең қабаттарына сіңіп кетуіне жол бермейтін және сонымен бірге жерасты суару арқылы суды тамырлар орналасқан аймаққа тікелей жеткізетін үлкен «құмыра» болар еді. Бұл топырақ бетінен судың булануына байланысты болатын шығындарды болдырмайды. Су тікелей тамырға берілетіндіктен, оны тыңайтқыштармен оңтайлы концентрацияда байытуға болады. Бұл, өз кезегінде, әр гектарға қажетті тыңайтқыш көлемін күрт азайтады, – деп түсіндірді сарапшы.

    Мұндай алқаптар өсімдіктерді жаздың экстремалды ыстық айларында қорғау үшін қосымша жасанды көлеңкелеуді қажет етуі мүмкін, бұл шығындарды арттырады. Бұл тәсілдің тағы бір елеулі кемшілігі – гидропоникалық және аэропоникалық фермалардан айырмашылығы, оның әзірге әлемнің ешбір жерінде сынақтан өтпегені. Сондықтан бұл технология аса эксперименттік сипатта болғандықтан, оның сенімді жұмыс істеуі үшін қосымша зерттеулер мен оңтайландыру қажет болады.

    Темур Юнусов жоғарыда аталған шаралардың өзі бүкіл Орталық Азия аумағында қазіргі ауыл шаруашылығы тәжірибелерін ұзақ мерзімді перспективада сақтап қалуға жеткіліксіз болуы мүмкін деп санайды. Өңірдің жекелеген бөліктерінде жазғы температураның соншалықты экстремалды деңгейге жетуі ықтимал, бұл дәстүрлі ашық егіншіліктің кез келген түрін жүргізуді мүмкін емес етеді. Мұндай жағдайда өңірішілік аймақтарға бөлу жөніндегі келісімдер жасау орынды болуы мүмкін. Олардың аясында Солтүстік Қазақстан немесе Тәжікстан мен Қырғызстанның биік таулы аудандары сияқты аумақтар Орталық Азияның қалған бөлігі үшін бидай, күріш және жүгері өсіруге пайдаланылуы мүмкін.

    Бұл ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасының орнына өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасы келетінін білдіреді. Мұндай жағдайда елдер көрші мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін өздерінің азық-түлік қауіпсіздігі сияқты маңызды деп қарастырады. Егер азық-түлік бүкіл Орталық Азия аумағында салыстырмалы түрде біркелкі қолжетімді әрі бағасы халық үшін қолайлы болмаса, бұл өңір ішінде жаппай көші-қонға алып келеді. Аштыққа ұшыраған миллиондаған босқындардың кенеттен келуі кез келген елде елеулі әлеуметтік, экономикалық және саяси шиеленіс туғызуы мүмкін. Сондықтан Орталық Азияның барлық елдерінің ұлттық мүддесі – көрші мемлекеттерде азық-түлік өндірудің тұрақты қуаттарының болуын және халықтың өз жерінде қалу мүмкіндігін қамтамасыз ету, – деп қорытындылады сарапшы.

    Spread the love