Экология және табиғи ресурстар министрі А.С. Қуантыров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Министр облыс әкімі М.Н. Ергешбаевпен бірге аумақты әуеден шолып, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды infotabigat.kz.

Сапар барысында Министр Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізіліп жатқан орман-мелиорациялық жұмыстардың барысымен, сондай-ақ Қазалы қаласында орналасқан екі орман тұқымбағының қызметімен танысты. Атап айтқанда, аумағы 33,5 гектар орман тұқымбағын және Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығының (РОСТШО) тұқымбағын аралады.

Тұқымбақтарда сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүргізіліп, орман-мелиорациялық іс-шараларды стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айта кету керек, РОСТШО тұқымбағында өсірілген сексеуіл көшеттерінің көлемі белгіленген нормадан 50%-ға артық. Жоспар бойынша 300 мың дана көшет өсіру көзделсе, іс жүзінде 450 мың дана сексеуіл көшеті өсірілген.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жаңадан құрылған екпелердің сақталуына ерекше назар аудару, олардың жай-күйі мен жерсіну деңгейіне мониторингті күшейту, сондай-ақ қажетті күтім жұмыстарын уақтылы жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған табанында жинақталған көпжылдық тәжірибе мен жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ескере отырып, орман-мелиорациялық іс-шараларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Арал теңізінің құрғаған табанында салынып жатқан тұқымбақ құрылысын уақтылы аяқтап, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген сапалы отырғызу материалдарын өсіру үшін оны толыққанды пайдалануға беру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Министр Қызылорда облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Экология департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында өзекті және проблемалық мәселелер талқыланып, қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.

